Экология мен қоршаған орта мәселесіне бейжай қарамайтын Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері мен қызметкерлері республикалық "Таза Қазақстан" акциясы аясында тазалық шарасына белсене қатысты.
Акция барысында университет ұжымы мен белсенді жастар оқу ордасы маңын қоқыстан, қураған жапырақтар мен тұрмыстық қалдықтардан тазартып, аумақты ретке келтірді. Бұл шара университет жастарының табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға деген жоғары азаматтық ұстанымын көрсетті.
- Бұл тек тазалық жұмысы ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың бір көрінісі. Біз өз ортамызды таза ұстап, болашақ ұрпаққа көркейген табиғат пен таза қоғам қалдыруымыз керек, - дейді ұйымдастырушылар.
Шараға әртүрлі факультеттердің студенттері, профессор-оқытушылар құрамы және университет қызметкерлері жұмыла атсалысып, бір күн ішінде ауқымды жұмыс атқарылды.
ШҚТУ ұжымы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі бастамаларды алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті. Мұндай акциялар табиғатқа жанашырлық танытып қана қоймай, жастарды бірлікке, жауапкершілікке тәрбиелейді.