«Заң және тәртіп» идеологиясы аясында Шығыс Қазақстан облысы Экономикалық тергеп тексеру департаментінің өкілімен кездесу өтті. Спикер  студенттерге дроп деген кім екенін және мұндай заңсыз схемаларға қатысудың қандай ауыр құқықтық салдарға әкелетінін түсіндірді.

Кездесу барысында баяндамашы дроптардың – өздерінің банк карталарын, шоттарын немесе жеке деректерін үшінші тұлғаларға күмәнді қаржылық операциялар жасау үшін беретін адамдар екенін айтты. Көп жағдайда алаяқтар мұндай әрекеттердің заңсыз екенін жасырып, «жеңіл табыс» ұсынып алдайды. Дроптарды пайдалану – ақшаны жымқыру, азаматтарды алдау немесе қаржылық пирамидалар құру схемаларының бір бөлігі болып табылады.

Кездесуде қаржылық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Департамент маманы қаржылық пирамидалардың негізгі белгілерін түсіндірді: тәуекелсіз жоғары табысқа уәде беру, компания қызметінің ашық болмауы, лицензиялардың жоқтығы, нақты өнімнің немесе қызметтің болмауы, сондай-ақ қажытатын жарнама мен жаңа қатысушыларды тартуға шақыру. Осыған орай, қатысушыларға кез келген инвестициялық ұсынысты мұқият тексеру, әсіресе тым тиімді болып көрінетін ұсыныстардан сақ болу қажеттілігі ұсынылды.

Кездесу соңында азаматтарға банк карталарын және жеке деректерін бөгде адамдарға берудің қауіптілігі туралы ескертілді. Сондай-ақ, өзінің нақты рөлін толық түсінбей, алаяқтық схемаларға қатысудың да әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершіліктен босатпайтындығы атап өтілді.

Маман студенттерге қаржылық сақтықты арттыруға және күмәнді жағдайлар туындаған кезде тиісті құзыретті органдарға хабарлауға шақырды.