Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өңірдегі инженерлік білім беру саласы үшін тарихи мәні бар оқиға өтті.
«Лу Бань» шеберханасының базасында Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің студенттері арасында өткен «World Vocational College Skills Competition» халықаралық байқауының іріктеу кезеңі ұйымдастырылды.
Бұл маңызды оқиға Қытайдағы серіктестерімізбен тығыз ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асты. Негізгі ұйымдастырушы – Тяньцзинь кәсіптік институты (ҚХР) – техникалық білім беру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі және автокөлік жасау бойынша мамандар даярлау жөніндегі жетекші орталық.
Қытайлық сарапшылар төрешілер алқасының құрамына кіріп, жарыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етті.
Аталған ынтымақтастық төрешілікпен ғана шектелген жоқ. Қытай мамандары кәсіби құзыреттерді бағалаудың жаңа тәсілдерін, әдістемелік материалдарды және заманауи технологияларды білім беру процесіне енгізу тәжірибесін алып келді.
Осының арқасында қазақстандық студенттер инженерлер мен техник мамандарды даярлаудың әлемдік стандарттарымен танысуға, ал оқытушылар – озық білім беру тәжірибелерін меңгеруге мүмкіндік алды.
Бұл байқау студенттер үшін өздерін нақты өндірістік жағдайларға барынша жақын ортада көрсетуге арналған бірегей мүмкіндік болды. Қатысушылар тек білім мен практикалық дағдыларын ғана емес, инженерлік ойлау қабілетін, командалық жұмысқа бейімділігін және жаңа жағдайларға тез бейімделу мүмкіндігін көрсетті.
ALAN MOTORS (Toyota Center Шығыс), ElGarage, Астана Агропартнер, КС РНП сияқты Қазақстанның автомобиль өнеркәсібінің жетекші кәсіпорындары – бұл жарысқа баға жетпес үлес қосты.
Олар бұл сайысты білім беру, халықаралық ынтымақтастық және нақты бизнес тоғысқан алаңға айналдырды.
Жарыс қорытындысы бойынша қола жүлдегер иегерлері – «Намыс» командасы (Өскемен экономика және техника колледжі), күміс жүлде иегерлері – «Тұлпар» командасына (Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжі). Абсолютті жеңімпаз атанған – ШҚТУ-дың «Айдаһар» командасы. Олар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің атынан Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтетін WorldSkills 2025 дүниежүзілік финалында ел намысын қорғау құқығына ие болды.
Марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өтті: жеңімпаздарға медальдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ал барлық қатысушылар үшін ең басты жетістік – халықаралық деңгейдегі ортада жұмыс істеу бойынша баға жетпес тәжірибе болды.
Шығыс Қазақстан техникалық университеті үшін бұл чемпионатты өткізу, университеттің әлемдік деңгейдегі инженерлік білім беру орталығы ретіндегі мәртебесін растаудағы маңызды қадам болды. Бұл тұрғыда қытайлық серіктестердің қолдауымен құрылған заманауи оқу-зертханалық кешен – «Лу Бань» шеберханасының рөлі ерекше. Аталған шеберхана тек оқу алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа идеялар туындайтын, кәсіби құзыреттер қалыптасатын және бірлескен жобалар жүзеге асырылатын халықаралық орталыққа айналды.
Өскеменде өткен бұл чемпионат Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және технология салаларындағы ынтымақтастықтың жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын, елдер арасындағы достық көпірлерін нығайтып, аймақты индустрия және инновация саласындағы әлемдік стандарттарға жақындата түсетінін дәлелдеді.