2025 жылғы 8 сәуірде Қазақтардың Дүниежүзілік Қауымдастығының (Шығыс бөлімшесі), ҚР Президенті жаңындағы ҚСЗИ және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ұйымдастыруымен «Еуразия кеңістігіндегі Алтай: тарихи дәстүрлері және жаһандық келешегі» атты халықаралық онлайн-дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның мақсаты – түркітілдес елдер арасындағы мәдени, ғылыми және достық қарым-қатынастарды нығайту, түркі халықтарының қазіргі әлемдегі рөлін талқылау, сондай-ақ ұлтаралық келісім мен толеранттылықты дамытуға үлес қосу. Сонымен қатар, Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі деген ұстаным аясында ортақ тарихи-мәдени мұраны насихаттау.

Модераторлар: Мерей Қайнарұлы – Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының ШҚО бөлімшесінің төрағасы; Ханша Саветқанқызы – тарих ғылымдарының кандидаты, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы, ШҚО-дағы ҚР Президенті жаңындағы ҚСЗИ өкілі.

Шараға қатысқан баяндамашылардың қатарында – танымал ғалымдар, әдебиет және мәдениет қайраткерлері, қоғамдық ұйым басшылары, жергілікті билік өкілдерінің көмекшілері және халықаралық деңгейде танылған зерттеушілер болды. Олар Алтай өңіріндегі қазақтардың тарихи тағдыры, этникалық және мәдени ерекшеліктері, көне түркі жазбалары, қазіргі кезеңдегі ұлтаралық қатынастар, сондай-ақ түркі халықтарының бірлігі мен келешегі жайлы келелі ойларымен бөлісті.

Шығыс Қазақстан техникалық университеті шетелдегі қандастарды техникалық, тау-кен ісі, ақпараттық жүйелер және экономика бағыттары бойынша білім алуға шақырды. Университет шетелдік талапкерлерге сапалы білім, заманауи инфрақұрылым, білікті оқытушылар және бейімделуге арналған қолайлы жағдайларды ұсына отырып, тарихи отанында кәсіби болашағын қалыптастыруға мүмкіндік беретінің ақпаратпен бөлісті.

Пікір алмасу бөлімінде ШҚТУ-дың Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының, сондай-ақ Тілдер құзіреттілік орталығының оқытушылары және ШҚТУ студенттері белсене қатысты.

Онлайн-дөңгелек үстел түркі дүниесі тарихын зерттеуге қызығушылық танытқан жас ғалымдар мен студенттер үшін маңызды ғылыми алаң болды. Іс-шара барысында айтылған ғылыми пікірлер мен ұсыныстар болашақта жаңа жобалар мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға негіз болады деп күтілуде.

Калиева К.С.,
Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасы