Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма Төрағасы-Ректор Сәуле Жәдігерқызы мен Стратегия және интернацияландыру бойынша Проректор Ертай Сұлтанұлы Бохум қаласының (Германия) Рур университетінде өтіп жатқан "Go East: New Perspectives and New Connections - Central Asia/ South Caucasus" халықаралық форумына қатысуда.

Іс-шарада Германия мен Орталық Азия/Оңтүстік Кавказдағы қазіргі білім беру және ғылыми-зерттеу жүйелерінің бағыттары мен механизмдері туралы ақпаратпен алмасу, университеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытудың тиімді жолдарын айқындау, интернационализация саласындағы озық тәжірибе үлгілерін ұсыну және келешек тақырыптық фокустар мен интерфейстерді саралау тақырыптары жан-жақты қарастырылды.

Әлемнің әртүрлі аймағынан арнайы келген 5 мемлекеттің ректорлары бас қосқан іс-шарада университеттегі білім беру мен ғылымдағы өзекті өзгерістер, инновациялық бағыттар, өзара келісім мен ынтымақтастықтың жаңа форматтары талқыланды.

Атап айтсақ, елімізден Серікбаев университеті Басқарма Төрағасы-Ректор Сәуле Рахметуллинамен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректор Жансейіт Түймебаев қатысты. Кавказ аймағынан Грузиялық танымал Илия Мемлекеттік университетінің Ректоры, профессор Нино Доборжгнидзе, Орталық Азия аймағының өкілі ретінде Ташкенттегі Вестминстер халықаралық университетінің Ректоры, профессор Икром Рихсибоев және Рур университетінің Ректоры, профессор Мартин Пол панелдік талқылауда өзекті ойларымен бөлісті. Университет басшылары халықаралық деңгейдегі ректорлар мен проректорлар қауымдастығының жұмысында үлкен мүмкіндіктермен қатар, келешек ұрпақ алдындағы терең жауапкершіліктің барын алға тартты.

Серікбаев университетінің Басқарма мүшесі-Стратегия және интернацияландыру бойынша Проректор, PhD Ертай Сұлтанұлы ШҚТУ базасында жүзеге асып жатқан халықаралық жобалар негізінде "Қазақстандық университеттер үшін перспективалық үлгі ретінде консорциумдар құрылымын қалыптастыру" тақырыбында баяндама жасады.