Бүгін Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында оқушылардың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, олардың арасында зорлық-зомбылық пен суицидтің алдын алу мәселелері бойынша «Өмір сүру құқығы» халықаралық форумы өтті.

YouTube және Zoom платформаларының көмегімен іс-шараға 3000-нан астам адам қосылды. Олардың ішінде білім және ғылым вице - министрі Бибігүл Асылова құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар кездесуде ШҚО білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова, 20 колледж директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, 19 қала мен аудан психологиялық қызметке жетекшілік ететін әдіскерлер, өңір мектептері мен университеттерінің жетекші психологтары болды. Конференцияда Алматы қаласы психотерапия орталығының директоры Сергей Скляр, Омбы мемлекеттік университетінің Әлеуметтік психология кафедрасының доценті Наталья Грушко, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты - Гульназ Турарова сөз сөйледі.

«Денсаулық пен өмірлік дағдыларды қалыптастыру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу» жобасы Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларының баптарында және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту», «Ұлы даланың жеті қыры» және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және кәмелетке толмағандар арасында Қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру бағдарламаларында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында іске асырылады.

Форум бағдарламасы оқушылардың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдердің суицидтерінің алдын алу, девиантты мінез-құлықты балалардың санын азайту және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу үшін жұмыстардың тиімді түрлерін ұйымдастыру бойынша өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Сонымен қатар, жасөспірімдерге, ата-аналар мен педагогтарға психологиялық көмек көрсету бойынша практикалық әдістер мен ұсынымдар таныстырылды.