Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да 21-22 қыркүйек күндері Қазақстан-неміс университетінің Президенті, профессор Ромиль Волрадтың қатысуымен отырыс өтуде.
Естеріңізге сала кетейік, биыл маусым айында Германия Федеративтік Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің Қазақстанға келгендегі мемлекеттік сапарының нәтижесінде елдеріміз ғылым және жоғары білім саласындағы одан әрі ынтымақтастық туралы 10 келісімге қол қойды. Соның қатарында, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Алматыдағы Қазақстан-Герман университеті ынтымақтастығы негізінде Өскеменде Қазақстан-неміс ғылым және технология институтын құру туралы келісім де жүзеге асқан болатын .
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да өтіп жатқан кездесуде университет Ректоры Сәуле Рахметуллина бастаған проректорлық корпус және ҚНУ Президенті Доктор Ромиль Волрад, вице-президент Барбара Януш Қазақстан-неміс институтының құрылтайлық құжаттарын талдау, Институттың ғылыми-техникалық жұмыс бағытын айқындау және заңды тұлға ретінде тіркеу мәселелерін жан-жақты сараптады. Басты ғылыми бағыттарды айқындауда металлургия және пайдалы қазбалар бойынша оқу бағдарламаларының оқытушы-профессорлық құрамы қатысып, пікірлерін білдірді. Сондай-ақ университеттің Тілдер құзыреттілік орталығының басшысы Арайлы Сәрсембаева жоспарланып отырған Институтта неміс тілін тиімді оқытудың бағдарламасымен бөлісті.
Металлургия және пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы ғылым және технологиялар институтын құру елдің ғылымы мен технологияларын дамытудағы, сондай-ақ екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайтудағы маңызды қадам болып табылады.