Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні - 1 желтоқсанда ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Д.Серікбаев атындағы мемлекеттік техникалық университетте болды. Ол Д.Серікбаев көшесі бойындағы №47 үйде орналасқан студенттердің жаңа жатақханасын пайдалануға беру салтанатына қатысты.
Жатақхана алдына ЖОО ардагерлері, оқытушылар, студенттер, меймандар мен әр жылғы түлектер жиналды.
- Қазақстанда білім саласында инфрақұрылымдық жобалар жаппай жүзеге асырылуда.Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Білім және ғылым министрлігі «Студенттік баспана» жобасы аясында жаңа жатақхана салды,- деді Аслан Бакенұлы.- Бүгін біз екі тамаша оқиғаны - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін, жаңа жатақхана ашылуын тойлап отырмыз. Осы қуанышты оқиғалармен шын жүректен құттықтаймын.Сіздерге зор денсаулық, барлық істеріңізге табыс тілеймін!
Өнеркәсіп кәсіпорындары, жұмыс беруші серіктестер, университеттің бұрынғы түлектері атынан «Казцинк» ЖШС тұрақты дамыту жөніндегі директоры Андрей Лазарев құттықтап, студенттерге телевизор сыйлады.
Жаңа жатақхана тұрғындары атынан оқу озаты, инженерия факультетінің 4 курс студенті Айсұлу Жандосова алғыс айтып, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің қолынан рәміздік кілт алды.
Жаңа жатақхананың лентасын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов және 4- курс студенті Айсұлу Жандосова қиды.
500 орындық жаңа жатақханада акт залы, интернет - кабинет, буфет және тұрмыстық және тазалық бөлмелері бар. Студенттердің оқуына, демалуына толық жағдай жасалған.
Университет студенттері көптен күткен жатақхана облыс аудандарынан, басқа аймақтардан келгендерге ШҚМТУ-да оқуға мүмкіндік береді.
Министр А.Сәрінжіпов биыл «Серпін» бағдарламасымен оңтүстік облыстардан келіп оқып жатқан студенттермен кездесіп әңгіме өткізді.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың баспасөз қызметі