27-28 наурыз күндері Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындары ұйымдастырған «Қазақстандық білім күні» көрмесі өтті. Іс-шараның басты мақсаты - болашақ талапкерлерге Қазақстанда білім алудың артықшылықтары туралы жан-жақты ақпарат беру және түрлі жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерімен таныстыру болды.

Көрменің ашылу салтанатына Баян-Өлгий аймағының әкімі Зангар Есентайұлы, білім басқармасының жетекшісі Айдын Баянұлы және қазақ тілі мен әдебиеті бойынша аға әдіскер Әсемгүл Ибраһимқызы қатысты. Олар бұл шараның қазақ диаспорасы жастары үшін маңыздылығын атап өтіп, Қазақстандағы жоғары білім жүйесі жөнінде құнды ақпараттармен бөлісті.

Биыл Баян-Өлгий аймағында 1762 мектеп түлегі бар, олардың бір бөлігі Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарына оқуға түсуді жоспарлап отыр. Талапкерлердің ерекше қызығушылығын тудырған университеттердің бірі - Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (East Kazakhstan Technical University). 100-ден астам түлек осы оқу орнында білім алуға ниет білдірді.

Болашақ студенттерге Қазақстанның жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі туралы жан-жақты мәліметті ШҚТУ жастар ісі жөніндегі менеджері Кеңесжан Мерлат Мейрамбекұлы мен Foundation факультетінің деканы Гүлнар Мұсылманова ұсынды. Олар университеттің білім беру бағдарламалары мен оқу перспективалары жайында баяндап, оқу орнының жоғары стандарттарды қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.

Осындай бағдарламалар этномәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етіп, қазақ диаспорасы жастарының өз тарихи атамекенінде сапалы білім алуына мүмкіндік жасайды.