Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ректорының қатысуымен өткен басқарма отырысында студенттердің жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамытуға бағытталған AI-Sana инновациялық бағдарламасының іске асу барысы талқыланды.

Отырыс барысында Стратегиялық даму жөніндегі проректор, басқарма мүшесі Ұлан Несіпқалиев өзінің баяндамасын жасап, AI-Sana бағдарламасы – тек білім беру бастамасы емес, цифрлық экономикаға қажетті кадрлар даярлауға арналған жүйелі тәсіл екенін атап өтті. Бұл бағдарлама үш деңгейден тұрады: базалық білім беру, стартаптарды акселерациялау және тірек жоғары оқу орындары негізінде экожүйе қалыптастыру.

ШҚТУ еліміздегі бағдарламаны жүзеге асыратын 27 тірек университеттің қатарына енді. 2024 жылдан бастап барлық білім беру бағдарламаларының бірінші курсында «Жасанды интеллект негіздері» пәні оқу жоспарына енгізілді. Бұл пәнді 913 студент оқып бітірсе, қазіргі таңда 549 студент оқуды жалғастыруда.

2025 жылдан бастап университет University Alliance of Science and Technology аясында жаңа «Жасанды интеллект» білім беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ШҚТУ-да қазіргі таңда «Көлік машина жасау саласындағы смарт-технологиялар және ЖИ» атты бірегей бағдарлама бойынша 23 студент Luban Workshop зертханасында білім алуда.

Университет студенттері Coursera, Astana Hub және Huawei ICT Academy секілді онлайн платформаларда жасанды интеллектке қатысты курстардан белсенді өтуде. Қолжетімді курстар қатарына ЖИ шолуы, генеративті ЖИ, ChatGPT негіздері, Prompt-инженерия және тағы басқалар кіреді. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Әсіресе, Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің студенттерін ерекше атап өткен жөн. Бұл мектептің 15 студенті Huawei ICT Academy аясындағы ең күрделі курстардың бірі – AI Technology and Applications сәтті аяқтап, өздерінің жоғары дайындық деңгейі мен мотивациясын дәлелдеді.

Университет ректоры, басқарма төрағасы Сауле Жәдігерқызы Рахметуллина AI-Sana бағдарламасының жүзеге асуын жоғары бағалап, оның болашақта жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы стратегиялық маңызын атап өтті: — AI-Sana бағдарламасы – бұл тек заман талабына сай тренд емес, сонымен қатар студенттер мен оқытушыларымыздың әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Біз жасанды интеллект құзыреттерін білім берудің барлық салаларына кеңінен енгізуді қамтамасыз етуіміз қажет, – деді ректор өз сөзінде.