Жоғарғы оқу орнымыз дүйім жұртқа тегіс техникалық бағыттағы орта ретінде қабылдануға бейім. Құрыш балқытқан білімнің қойнауында шығармашылыққа да орын табылады. Өмірді өлеңмен өрнектеген әдеби-танымдық «Абай» клубын мысалға келтіреміз. Дарынды балаларды топтастырған клубқа 15 студент мүшелікте. Жас ақындардың авторлық туындылары әлеуметтік желілерде жарияланып, клуб отырыстарында, университетте және республикалық, халықаралық байқауларда оқылады.

Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына, Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойына, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған іс-шараларда университет ақындарының авторлық өлеңдері оқылып, баяндамалар жасалды.

Шығармашылыққа арналған бүгінгі мақаламызда клуб мүшелері Ералы Байтаңұлы, Нұсқау Сағдат, Күміс Хажайв сынды жас ақындардың өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.


Қиял ...


Өлеңнің көбі қиялдан туады,
Қиялдан талай жұлдыздар құлады.
Қиялдан сұлу суға барған-ды,
Қиялдан сері де атын суарды.

Өлеңнің көбі қиялдан жазылған,
Жазылған және назыңнан.
Бір ауыз сөздің жүйесі үшін,
Талай буынның көрі қазылған.

Өлең қиялдан, әріптен құралған
Әнекей мың әріп күтіп тұр алдан.
Бір өлеңнің толғағын іздеп
Мың ақынның ұйқысы қуарған,

Өмірде талай өлеңмен жолықтым,
Шындықтан күрмеліп қалыппын.
Соңынан кеткен сорлы бір әріптің,
Өлеңді қиял көретін
- Мен бір ғаріппін !!!

Матай Ералы Байтаңатұлы. Түркістан облысы Шардара ауданы Ақалтын ауылында 01.17.2001 жылы дүниеге келген.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ - нің "Геодезия және картография" мамандығының 4-ші курс студенті. 2021 жылы Мұзбалақ ақын М. Мақатаевтың 90 жылдығына арналған "Поэзия менімен егіз бе едің" атты халықаралық өнер байқауының бас жүлде иегері.


Ұлтына болған ұлы ұстаз

Білімнің ұстап ақ туын,
Көздерін ашып күллі ұлттың.
Жалындап тұрған жастарды,
Лапылдап тұрған от қылдың.

Қараңғы қазақ мұнартқан,
Көздері көрмей шұбартқан.
Білімнің шашып шуағын,
Жастары оқуға құмартқан.

Қиыннан қиын білімді,
Білмекке керек ілімді.
Ахметтей туған тау тұлға,
Қазақтан шыққан нар тұлға.

Төтелеп жазып қаріпті,
Ыңғайлы жасап әріпті.
Сауатты болмақ керек деп,
Үйретті бүкіл халықты.

Ұлтына болған ұлы ұстаз,
Ұлықтап тұрар халқыда .
Бәріне бірдей жақпай-дауу,
Көреалмаушылық салты да.

Жазғырып жала нақақтан,
Қамалып кетті қапыда.
Шамшырақ болған ер Ахмет,
Қайталап тумас бірақта.

Нұсқау Сағдат - Қазақстан тарихы бойынша жобаның авторы, халықаралық байқаудың жүлде иегері. Волонтер. "Абай" клубының белді мүшесі.



Ана деген жүректегі ұлы есім,
Жүрегіміз ана деп соғады білесің.
Дүниеде разы қылмай анаңды,
Жер бетінде қалай тірі жүресің.

Дұға етіп анам үшін жүремін,
Жылаймын да анам үшін күлемін.
Ешқашан да ауырмашы анашым,
Сен ауырсаң ауырады жүрегім.

Жердегі менің жаннатымсың анашым,
Біздер үшін ақылшысың данасың.
Әлемдегі ең сұлусың мен үшін,
Бақытым да байлығым сен ғанасың.

Анашым ақылшымсың, қорғанымсың,
Жүрекке жылу сыйлар зор бағымсың.
Өмір атты теңізге жүзгенімде,
Ақ ниетпен балаңды қолдадың шын.

Құрметтеймін анамды бағалаймын,
Мұңаймаңыз анашым қаламаймын.
Сенің жүрген ізіңмен жүріп келемін,
Сеннен артық өзге жан табалмаймын.

Құдірет жоқ анамызға тең келер,
Балаларын бәрін бірдей тең көрер.
Иісінде сезе алмайды жаннаттың,
Аналарын ренжіткен пенделер.

Хажайв Кумис Математикалық және компьютерлік модельдеу тобының 3-ші курс студенті. Абай клубы мүшесі.