Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқуға түскен бірінші курс студенттеріне танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шара студенттердің жаңа білім беру ортасына бейімделуіне және университет мүмкіндіктерімен танысуына бағытталды.

«Серпін-2050» бағдарламасы Қазақстанның халқы тығыз орналасқан өңірлеріндегі жастарға білікті кадрларға сұраныс жоғары аймақтарда қажетті мамандық алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысушы жоғары оқу орындарының бірі ретінде ШҚТУ студенттердің сапалы білім алуына, жаңа ортаға бейімделуіне, тұлғалық дамуына және болашақта жұмысқа орналасуына жағдай жасайды.

Экскурсия «Алтын Алтай» музейінен басталды. Бірінші курс студенттері Шығыс Қазақстанның табиғи байлықтары, өңір геологиясы, ежелгі кен өндіру мен металлургияның даму тарихы туралы ақпарат алды. Сондай-ақ олар ШҚТУ-дың қалыптасу тарихымен және негізгі жетістіктерімен танысты.

Ж. Күлсейітов атындағы ғылыми кітапханада студенттерге кітап қоры, оқу залдары және білім алу мен зерттеу жұмыстарына арналған электрондық ресурстар таныстырылды. Кітап оқу мәдениетіне және білімді өз бетінше ізденудің маңызына ерекше назар аударылды.

Жастар ісі жөніндегі комитет өкілдері студенттік ұйымдар мен клубтар, шығармашылық, мәдени, спорттық, волонтерлік және қоғамдық жобалар туралы айтып берді. Бірінші курс студенттері университет өміріне белсенді қатысып, өз бастамаларын жүзеге асыруға шақырылды.

Экскурсия студенттерге ШҚТУ-ды жақынырақ танып, қажетті ақпарат алуға және өздерін университет қауымдастығының бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік берді.

Іс-шара «Толық адам» тұжырымдамасының «Нұрлы ақыл», «Ыстық қайрат», «Жылы жүрек» құндылықтарына сәйкес өткізілді.