Жаңа қалаға көшіп, студенттік өмірді бастау – әрбір жас үшін маңызды әрі толғанысқа толы кезең. Сондықтан «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттерге сапалы білім берумен қатар, олардың жаңа ортаға әлеуметтік-мәдени тұрғыдан бейімделуіне көмектесу де аса маңызды.
Осы мақсатта Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің бірінші курс студенттеріне Өскемен қаласы бойынша танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Бұл сапар жастарға өздері білім алып, алдағы бірнеше жылын өткізетін қаламен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Студенттер Ушанов алаңын, Борис Александров атындағы Спорт сарайын, Жамбыл Жабаев атындағы саябақты, қаланың бас алаңы мен әкімдік ғимаратын, ADK сауда-ойын-сауық орталығын, Жеңіс мемориалын, Халифа Алтай атындағы мешітті және Этнопаркті аралады.
Экскурсия барысында олар Өскеменнің қалыптасу тарихы, маңызды оқиғалары, сәулеті мен мәдени орындары туралы қызықты мәліметтер алды. Сонымен бірге қаланың қоғамдық және әлеуметтік инфрақұрылымымен, жастардың білім алуына, дамуына және бос уақытын мазмұнды өткізуіне арналған мүмкіндіктерімен танысты.
«Серпін» бағдарламасының маңызы жастарға басқа өңірде білім алуға жол ашумен ғана шектелмейді. Оның негізгі міндеттерінің бірі – еңбек ресурсы мол аймақтардан келген жастарға кәсіби білім беріп, олардың маман ретінде еңбекке сұраныс жоғары өңірлерде қалыптасуына мүмкіндік жасау.
Сондықтан студенттердің Өскеменмен танысуы кездейсоқ ұйымдастырылған шара емес. Бүгін олар осы қалада білім алып жатса, ертең оқуын аяқтағаннан кейін Шығыс Қазақстанда қалып, кәсіби жолын жалғастырып, өңірдің дамуына үлес қоса алады. Ол үшін жастар қаланың тарихы мен мәдениетін біліп қана қоймай, оның мүмкіндіктерін көріп, өз болашағын осы өңірмен байланыстыра алуы маңызды.
Қаламен танысу - осындай ұзақ мерзімді бейімделудің алғашқы қадамы. Өзі тұратын ортаны жақсы білген студент өзін еркін әрі сенімді сезінеді, университет өміріне белсенді араласады, жаңа достар табады және болашақ маман ретінде дамуына қажетті мүмкіндіктерді байқайды.
Мазмұнды сапар бірінші курс студенттеріне жаңа білім мен жарқын әсер сыйлады. Өскемен олар үшін енді картадағы бейтаныс қала емес, студенттік жылдары өтетін және болашақ кәсіби жолы басталуы мүмкін жаңа мекенге айналып келеді.