Бүгін Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да жаңа оқу жылында алғашқы Ғылыми кеңес өтті. Жұмысқа кіріспес бұрын, ғылыми кеңес мүшелері басқарманың бұрынғы төрағасы - ректор Жасұлан Шаймардановқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, амандық, ұзақ ғұмыр және сарқылмас өмірлік қуат тіледі! Биология ғылымдарының докторы, профессорға алғыс ретінде «Жоғары оқу орнының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды.

ЖОО-ның жетінші ректорына құрмет көрсетілгеннен кейін, ғылыми кеңес мүшелері күн тәртібінде тұрған маңызды тақырыптарды талқылауға кірісті. Басқарма төрағасы - Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина университеттің жаңа 2022-2023 оқу жылының басталуына дайындығы туралы айтып берді. 1-5 курстардың, атап айсақ, бакалавриаттың – 346, магистратураның - 83 және докторантураның - 23 оқу жоспары бекітілді.

Сонымен қатар, жиында диссертациялық кеңестердің құрамы бекітілді. Айта кету керек, ШҚТУ базасында «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау»; «Ақпараттық жүйелер»; «Автоматтандыру және басқару»; «Техникалық физика» сынды  бағыттар бойынша 4 диссертациялық Кеңес жұмыс істейді.