2026 жылғы 4 маусымда Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Туымыз тұғырлы! Елтаңбамыз еңселі! Әнұранымыз айбынды!» атты салтанатты жиын өтті.

Іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, қоғам өкілдері, өңір тұрғындары, сондай-ақ колледжіміздің студенттері қатысты. Жиналған қауым еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің басты нышандары саналатын мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетті. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – Қазақстанның мемлекеттілігінің, бірлігі мен ұлттық болмысының айқын белгісі.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Жиынға қатысушыларды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтап, өз сөзінде Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның тарихи әрі рухани маңызына ерекше тоқталды.

Іс-шара барысында өңірдің дамуына және қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Сонымен қатар алғаш рет мемлекеттік қызметке тағайындалған жас мемлекеттік қызметшілердің салтанатты түрде ант қабылдауы мерекенің маңызды сәттерінің бірі болды. Олар Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, заңнаманы сақтауға және қоғам мен мемлекет игілігі жолында жауапкершілікпен еңбек етуге ант берді.

Осындай іс-шараларға студенттердің қатысуы жас ұрпақтың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастырып, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті нығайтуға ықпал етеді. Мұндай кездесулер жастардың тәуелсіздіктің қадірін, ел бірлігінің маңызын және Отан алдындағы жауапкершілігін тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді.