Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай университетте жастардың азаматтық ұстанымын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және патриоттық сананы қалыптастыруға бағытталған тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерекелік шараларға студенттер, жоғары IT -колледж білім алушылары, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер белсенді қатысты.
Мерекелік күн республикалық деңгейде өткен Мемлекеттік Гимнді бір мезгілде орындау акциясымен басталды. Университет ұжымы мен білім алушылардың ортақ үнмен Әнұранды орындауы елге деген сүйіспеншіліктің, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне деген мақтаныштың және ұлттық бірліктің жарқын көрінісіне айналды.
Іс-шара аясында студенттер үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұранының тарихы мен маңызын тереңірек таныту мақсатында интерактивті квест ұйымдастырылды. Қатысушылар түрлі танымдық тапсырмаларды орындап, мемлекеттік рәміздерге қатысты білімдерін сынады. Сонымен қатар, мазмұнды викторина жастардың тарихи танымын кеңейтіп, олардың ел құндылықтарына деген қызығушылығын арттырды.
Зияткерлік сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей анықталды: I орын - Жер туралы ғылымдар мектебінің «ШНоЗ» командасы,II орын- Архитектура, құрылыс және энергетика мектебінің «Жас қыран» командасы, III орын - Бизнес мектебінің «Шаңырақ» командасы. Сонымен қатар, Халықаралық инженерия мектебінің «Адреналин», Сандық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің «Конституция рухы», сондай-ақ IT колледжінің командасы қатысушы сертификаттарымен марапатталды. Аталған командалар мемлекеттік рәміздердің тарихы мен маңызын жақсы меңгергендерін көрсетіп, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және насихаттауға деген жоғары қызығушылықтарын танытты.
Осындай тағылымды шаралар өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті нығайтуға ықпал етеді. Өйткені мемлекеттік рәміздер – халқымыздың тарихын, мәдениетін, тәуелсіздігі мен егемендігін айшықтайтын, елдігіміздің мәртебесін асқақтататын қасиетті құндылықтар.
Ел рәміздерін құрметтеу - әрбір азаматтың парызы. Сондықтан мұндай іс-шаралар жастардың ұлттық сана-сезімін қалыптастырып қана қоймай, олардың туған елінің болашағына жауапкершілікпен қарауына жол ашады.