Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ұжымы жоғары оқу орнының түлектері Данияр Тоқтыбаев пен Азамат Байқазақовты жаңа лауазымдарға тағайындалуымен құттықтайды.
Облыс әкімінің өкімімен Абай Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы лауазымына конкурстық рәсімдер өткізілгенге дейін Данияр Тоқтыбаев тағайындалды.
Данияр Жағыпарұлы 1976 жылы Павлодар облысы Краснокутск кентінде дүниеге келген. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Қазақстан-Американдық Еркін университетін бітірген.
Жұмысты Шығыс қазақстан облысы Күршім ауданы әкімі аппаратының құрылыс, сәулет, ТКШ және жолдарды дамыту бөлімінің маманы болып бастаған. Әр жылдары Шығыс Қазақстан облысының сәулет-құрылыс бақылау басқармасында, ШҚО құрылыс департаментінде, ШҚО сәулет-құрылыс бақылау департаментінде, ШҚО құрылыс басқармасында, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында басшылық қызметтер атқарған.
2015 жылдан бастап - ақпараттық модельдеу орталығының директоры, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ жобалық кеңсесінің басшысы болып жұмыс істеді.
Сонымен қатар, облыс әкімінің өкімімен Азамат Байқазақов конкурстық рәсімдер өткізілгенге дейін бақылау басқармасы (МСҚБ, еңбек инспекциясы) басшысының міндетін уақытша атқарушы лауазымына тағайындалды.
Азамат Қайырбекұлы 1976 жылы ШҚО Самар ауданында дүниеге келген. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітірген.
Еңбек жолын Өскемен қаласындағы жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің Халықпен жұмыс жөніндегі маманы болып бастаған. Одан кейін қалалық мәслихат аппаратының нұсқаушысы, ШҚО құрылыс, сәулет және ТКШ басқармасының әртүрлі бөлімдерінің маманы болып жұмыс істеді. 2005-2007 жылдары-ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы.
Кейінгі жылдары ҚР Қорғаныс Министрлігі жанындағы «Қазтехнология» АҚ вице-президенті, кеңесшісі, басқарушы директоры қызметтерін атқарды. «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарушы директоры болып жұмыс істеді.
2021-2022 жылдары-Нұр-сұлтан қаласы, «QazTrade «сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ экспорттаушыларға өтем көрсету департаменті директорының орынбасары.