Тунисте (Тунис, Солтүстік Африка) CDIO-ның 20-шы дәстүрлі халықаралық конференциясы басталды. Ол биылғы жылы өзекті заманауи тақырыптардың бірі - жасанды интеллект дәуіріндегі инженерлік білім беруді талқылауға арналған. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ 2022 жылдан бастап осы дүниежүзілік бастаманың мүшесі болып табылады. Конференция әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі елдердің өкілдерін біріктіре отырып, түрлі іс-шараларға, соның ішінде воркшоптарға, дөңгелек үстелдерге, панельдік сессияларға толы 4 күндік бағдарлама ұсынылған. Конференцияда ШҚТУ-ды ректор Сәуле Рахметуллина және Академиялық қызмет департаментінің директоры Самат Байгереев таныстыратын болады.
Мерейтойлық конференцияның бірінші күні CDIO бастамасының негізін қалаушылардың бірі, Массачусетс технологиялық институтының (MIT) аэронавтика және астронавтика профессоры Prof. Edward F. Crawley сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында CDIO бастамасының құрылу тарихы және оның инженерлік білім берудегі заманауи трансформациясы туралы егжей-тегжейлі айтты. Осыдан тура 20 жыл бұрын Массачусетс технологиялық институтының, Чалмерс технологиялық университетінің, Линкепинг университетінің және Швеция Корольдік технологиялық институтының өкілдері CDIO Дүниежүзілік бастамасының бастамашылары болды.
Сонымен қатар, конференцияның бірінші күні аясында ШҚТУ серіктесі - CDIO Singapore Polytechnic инновациялық оқыту орталығының директоры, профессор Sin Moh Cheah «Design Principles of Activities Based on Learning From Deliberate Failure» тақырыбында воркшоп өткізді. Профессор Sin Moh Cheah ағымдағы жылдың қазан айында ШҚТУ базасында өтетін «Engineering Education: Challenges, Trends, Best Practices» халықаралық конференциясына қатысады. Воркшоптың негізгі тақырыбы болып табылатын қасақана қателіктерге негізделген оқыту әдісі студенттерді оқу процесіне терең үңілудің бір әдісі болып табылады. Воркшоп аясында ШҚТУ өкілдері Швейцария, Индонезия, Америка Құрама Штаттары және басқа елдердің әріптестерімен бірлесіп, брейншторминг әдісімен оқытуды білім беру процесіне енгізудің жаңа тәсілдерін әзірледі.
- Осындай ауқымды халықаралық іс-шарада Қазақстанды таныстыру біз үшін үлкен мәртебе. Құттықтау баннерінде конференцияны ұйымдастырушылар елімізге құрмет белгісі ретінде дайындаған «Қош келдіңіз» деген жазуды көріп қуанып қалдым. Алда конференцияның тағы үш күні бар, олар қызықты, маңызды және нәтижелі болатынына сенімім мол! - деп атап өтті Сәуле Рахметуллина.