Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің оқытушысы Ю.А. Вайс Coursera Qazaqstan Excellence Awards аясында «Outstanding Teacher Award» номинациясы бойынша марапатталды.

Coursera Qazaqstan жобасы қазақстандық студенттер мен оқытушыларға әлемнің жетекші университеттері мен компаниялары әзірлеген онлайн курстарды оқуға мүмкіндік береді. Платформа кәсіби және цифрлық құзыреттерді дамытуға, үздіксіз білім алуға және заманауи халықаралық білім беру ресурстарын оқу үдерісіне енгізуге ықпал етеді.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ 2022 жылдан бастап Coursera халықаралық платформасын білім беру үдерісіне белсенді түрде кіріктіріп келеді. Осы уақыт ішінде:  4 500 студент білім алды. 6 600-ден астам сертификат берілді. 250 оқытушы жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, инклюзивті білім беру және басқа да өзекті бағыттар бойынша курстардан өтті.

Марапаттау рәсімі 2026 жылғы 18 қарашада Астана қаласында өткен III Халықаралық стратегиялық әріптестер форумы аясында ұйымдастырылды. Форум бағдарламасына енген Coursera Future Talks панельдік сессиясы Coursera Qazaqstan жобасын іске асыру қорытындылары мен платформаны білім беру үдерісінде қолданудың озық тәжірибелеріне арналды.

Сессия барысында халықаралық сарапшылар, қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері мен студенттер онлайн курстарды білім беру бағдарламаларына кіріктіру, оқытушылардың кәсіби дамуы және студенттік жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

2026 жылдың қорытындысы бойынша Юрий Вайс Coursera платформасында білім алған қазақстандық ЖОО оқытушылары арасында үздік нәтиже көрсетті. Ол 49 мамандану бағдарламасын және жалпы саны 193 курсты аяқтап, платформадағы белсенділік көрсеткішін 96 пайызға жеткізді.

Бұл марапат оқытушының кәсіби дамуға деген ұмтылысын ғана емес, ШҚТУ-дың цифрлық білім беру технологияларын енгізу, үздіксіз білім алу мәдениетін қалыптастыру және халықаралық білім ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін де көрсетеді.