Түркістан облысы Білім басқармасының Білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Өскенде кім боласың?» атты онлайн кездесу өтті. Кездесудің мақсаты — Түркістан облысының 7-11 сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру және болашақ мамандық таңдау мәселесінде қолдау көрсету.

Бұл онлайн іс-шара Түркістан облысының мектеп оқушылары, ата-аналары және мұғалімдері үшін zoom платформасы арқылы жүзеге асырылды. Кездесу барысында «Құрылыс» білім беру мамандығы туралы толық мәлімет берілді. Кәсіби бағдарлау бойынша әдіскер Э. С. Байдарбекова бастаған шарада қатысушыларға Шығыс Қазақстан техникалық университетінің (ШҚТУ) профессорлары мен оқытушылары өздерінің білім беру бағдарламаларын таныстырды.

Университеттің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ә. Дауылбаева Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға түсу тәртібі, білім беру гранттары мен квота түрлері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, ол Түркістан облысынан «Алтын белгіге» үміткер, «Ақылды Awards – 2025» байқауында жеңімпаз атанған Кентау қаласының Ө. Жәнібеков атындағы мектебінің 11-сынып оқушысы Шахзода Хайруллаева мен Шардара ауданының Сүткент ауылы Т. Тәжібаев атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Балауса Тастанова ШҚТУ-дың университет гранттарын жеңіп алғанын жариялады.

Сұхбатта жоғары оқу орынның Сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің деканы А. Акаев құрылыс саласындағы құзыреттілік және технологиялар трансферті орталығының қызметін таныстырды. Ол мектеп оқушылары мен ата-аналарға университеттің заманауи өндірістік және технологиялық жабдықтарымен танысып, студенттер жасаған жұмыстарды көрсетті. Сонымен қатар, оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, шетелдік университеттермен алмасу бағдарламалары туралы айтып өтті.

Онлайн кездесу барысында ата-аналар да үлкен қызығушылық танытып, балаларын техникалық бағыттағы мамандықтар мен құрылыс саласына бағыттауға қызыққандықтарын аңғартты. Мұндай шаралар болашақта оқушылардың кәсіби бағыт-бағдар алуына үлкен септігін тигізіп, олардың болашақта таңдаған мамандықтарына сенімді қадамдар жасауларына ықпал ететін болады.