Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде кәсіби бағдар беру мен ғылыми-ағартушылық жұмыстың аясында маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Техникалық физика, Электроэнергетика, Механика және Металдарды өңдеу білім беру бағдарламаларының 2–3 курс студенттеріне ҚР Ұлттық ядролық орталығының құрамындағы Ядролық физика институтының қызметі таныстырылды.

Аталған институт – еліміздегі ядролық физика, радиациялық технологиялар және ядролық энергетика салаларында алдыңғы қатарлы ғылыми мекемелердің бірі. Таныстырылым барысында студенттер ғылыми орталықтың негізгі бағыттарымен, сондай-ақ заманауи зерттеулерімен кеңінен танысты. Атап айтқанда, радиациялық материалтану, экологиялық мониторинг және қолданбалы ядролық медицина салаларындағы жетістіктер ерекше қызығушылық тудырды.

Іс-шарада фармацевтикалық бағыттағы радиофармацевтикалық өнімдер – онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде қолданылатын препараттар жайлы мәлімет кеңінен ұсынылды. Бұл жаңалықтар студенттердің назарын аударып, ғылым мен медицина тоғысындағы тың мүмкіндіктерге жол ашты.

Сонымен қатар, студенттерге өндірістік тәжірибеден өту, ғылыми жобаларға қатысу және тағылымдамалар арқылы кәсіби біліктілікті арттыру мүмкіндіктері таныстырылды. Мұндай кездесулер жастардың кәсіби бағыт-бағдарын нақтылап, ғылымға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ядролық технологиялардың өміріміздің түрлі салаларында маңыздылығын терең түсінуге сеп болды.