Қазақстан Республикасы Президентінің сұхбаты ел дамуының алдағы кезеңіне арналған негізгі бағыттарды айқындап берді. Экономика, әлеуметтік саясат, цифрландыру, ғылым және адами капитал мәселелері өзара тығыз байланыста қарастырылды.

Университет қауымдастығы үшін Мемлекет басшысының білім мен ғылымның, кәсіби кадр даярлаудың елді жаңғыртудағы шешуші рөліне ерекше мән беруі айрықша маңызды. Президенттің пайымынша, орнықты даму мықты университеттерсіз, заманауи ғылымсыз және бәсекеге қабілетті инженерлік-техникалық интеллигенциясыз мүмкін емес.

Сұхбатта цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту басым бағыттардың бірі ретінде аталды. Жаңа технологияларды экономика мен қоғам өміріне енгізу, жасанды интеллект саласында мамандар даярлау, зерттеу орталықтарын құру мұның бәрі жоғары білім беру жүйесіне тікелей қатысты міндеттер. Бұл өз кезегінде университеттердің білім сапасы мен ғылыми әлеуетіне деген жауапкершілігін арттырады.

Сонымен қатар Президент энергетика, өнеркәсіптік жаңғырту, инфрақұрылым және стратегиялық маңызды материалдар тақырыптарына ерекше тоқталды. Бұл салаларда білікті инженерлер мен зерттеушілерге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыда техникалық және көпсалалы университеттердің елдің кадрлық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі рөлі арта түседі.

Мемлекет басшысы оқу мәдениеті, ағартушылық және құндылықтар жүйесінің маңызын да атап өтті. Терең ойлайтын, жауапкершілікті әрі еңбекқор азаматтар-- ел ілгерілеуінің негізі. Университеттер бұл ретте тек білім беретін орын ғана емес, сонымен қатар азаматтық ұстаным мен кәсіби мәдениетті қалыптастыратын орта ретінде көрінеді.

Сұхбатта көтерілген реформалар мен стратегиялық бастамалар адами капиталдың ел дамуының басты тірегі екенін тағы бір мәрте айқындады. Ал университеттер - ұлттық жаңғырудың, ғылыми-технологиялық серпілістің және жаңа дәуір талаптарына сай ұрпақ тәрбиелеудің маңызды қозғаушы күші.

https://akorda.kz/ru/prezident-respubliki-kazahstan-kasym-zhomart-tokaev-kazahstan-vstupil-v-novyy-etap-modernizacii-40329