ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 16-17 мамыр аралығында Атырау талапкерлеріне арналған жетекші қазақстандық жоғары оқу орындарының ауқымды көрмесін өткізіп жатыр. Көрмеге Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетімен қатар 40-тан астам ЖОО қатысуда.
Нысаналы білім беру гранттарының негізінде Маңғыстау және Атырау облыстарының талапкерлері еліміздің бірегей ЖОО-да оқуға мүмкіндік алды.
Жоғары оқу орындарының өкілдері өздерінің бағдарламалары, гранттары, тұру жағдайлары және батыс өңірлерінің жастарына арналған нысаналы білім беру гранттары туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ менеджер-профориентологы Әсел Дауылбаева жоғарғы оқу орны туралы мәліметпен бөлісіп, оқушылар мен олардың ата-аналарының сұрақтарына толыққанды жауап берді.
Сонымен қатар, қонақтар үшін ұтыс ойындары мен викториналар өткізілді. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ өкілдері мектеп бітірушілерге арнайы сыйлықтарын табыс етті.
Айта кетейік, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма төрағасы - Ректоры Сәуле Рахметуллинаның шешімімен су тасқыны кезінде зардап шеккен Атырау облысы ауылдарының жастарына арнайы 10 грант бөлінетінін айтты.