Бүгін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында студент жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды кездесу өтті. Іс-шараның тақырыбы – «Есірткі қылмысының алдын алу және есірткінің заңсыз айналымына қатысқаны үшін жауапкершілік».

Кездесудің құрметті қонағы – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, ҚР ІІМ жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары, «Есірткісіз болашақ» қоғамдық қорының төрағасы Ж.Б. Ақтаев болды. Сонымен қатар, жиынға Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі М.М. Калиакпаров, Өскемен қаласы прокуратурасы бөлімінің прокуроры А. Ержанқызы қатысты.

Кездесуді «ESBOL QORY» өңірлік фронт-офисінің жетекшісі Төлеубекова Ляйля Төлеубекқызы модерациялады. Іс-шара барысында қатысушыларға есірткі қылмысының алдын алу, оның қоғамға және жеке тұлғаға тигізетін зияны, сондай-ақ заңсыз айналымға қатысқаны үшін көзделген жауапкершілік туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Кездесудің басында қатысушылар назарына «Не книжные закладки» атты әлеуметтік фильмі ұсынылды. Фильм жастар арасында есірткінің зиянын көрсету арқылы саналы таңдау жасауға үндейді.

Спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, нақты өмірлік мысалдар келтіре отырып, жастарды заң талаптарын сақтауға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сонымен қатар, олар есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың салдары, қылмыстық жауапкершілік пен оның болашаққа әсері туралы кеңінен тоқталды.

Іс-шара интерактивті форматта өтті: студенттер спикерлердің баяндамаларын қызығушылықпен тыңдап, сұрақтар қойып, мамандардан толыққанды жауаптар алды. Кездесу тек университет студенттерін ғана емес, сондай-ақ ІТ-колледж білім алушыларын да қамтып, жастар арасындағы профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Аталған іс-шара университетте құқық бұзушылықтың алдын алу, жастарды зиянды әдеттерден қорғау және олардың жауапкершілік деңгейін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.