Шығыс Қазақстан облысының мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары үшін болашақ мамандықты таңдау жолында маңызды қадам жасалатын кәсіби бағдарлау жиыны өтті. Бұл шараның басты мақсаты - оқушыларды білім алу мүмкіндіктерімен таныстыру, кәсіби бағыт-бағдар беру және жастарды мансап әлеміне дайындау болды. Іс-шараға университеттің проректоры, декандары, оқытушылары қатысып, өздерінің білім беру бағдарламалары мен мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берді.
Жиында университеттің еліміздегі және халықаралық деңгейдегі жоғары рейтингі туралы айтылды. Университеттің басты жетістіктерінің бірі - түлектерінің 94%-ы өз мамандықтары бойынша жұмыспен қамтылуы. Бұл көрсеткіш университеттің білім беру сапасын және еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандар даярлайтындығын айғақтайды.
Тек Шығыс өңірінің ғана емес Қазақстанның өзге де өңірлерінің оқушыларын Д. Серікбеав атындағы ШҚТУ студенті атануына мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалатындығы жайлы айтылды. «Біздің университеттің серіктес оқу орындары мен әлемдік деңгейдегі компаниялармен тығыз байланысы бар. Студенттерге халықаралық тәжірибе жинақтау мүмкіндігі мен еңбек нарығында жоғары бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасу үшін барлық жағдай жасалған», - дейді бизнес мектебінің деканы Закимова Альфия Манарбекқызы.
Жиын барысында ұсынылатын гранттардың артқанын атап өтті. Мысалы, университет биыл 5000 грант бөліп, білім алу мүмкіндігін көп оқушыға ашып отыр. Бұл шара жастар үшін үлкен мүмкіндік болып табылады.
Жиында университеттің декандары мен оқытушылары білім беру бағдарламалары туралы кеңінен тоқталды. Университетте білім алушылар үшін екі диплом алу мүмкіндігі бар. Бұл бағдарлама бойынша студенттер өздерінің білімін еуропалық және азиялық жоғары оқу орындарымен бірлескен оқу бағдарламаларында жалғастыра алады. Сонымен қатар, университеттің академиялық мобильділік бағдарламалары аясында студенттер шетелде оқу мүмкіндігіне ие болмақ.
Декандар сонымен қатар әскери кафедра туралы да айтып өтті. Бұл бағдарлама студенттерге лейтенант шенін алу мүмкіндігін береді. Бұл жастарға тек білім ғана емес, сондай-ақ қорғаныс саласында қызмет ету жолдарын да ұсынады.
Шығыс Қазақстан облысының мектеп түлектері үшін өз өңірінде білім алу да маңызды артықшылық болып табылады. Университет оқытушыларының бірі осы мәселеге тоқталды: «Жергілікті университеттерде оқу тек қаржылық тұрғыдан тиімді ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жағынан да қолайлы. Өйткені көп студенттер басқа қалаға кетіп, жаңа ортаға бейімделе алмай, артынан қайтып келеді. Ал біздің университетте оқу - үйге жақын болу, отбасымен бірге уақыт өткізу және әлеуметтік тұрғыда ыңғайлы», - дейді ол.
Бұл пікір көптеген оқушылар мен олардың ата-аналары үшін маңызды болды, себебі жергілікті университеттерде оқудың артықшылығы тек қаржылық жағынан емес, сонымен қатар мәдени тұрғыдан да түсіндірілді. Университеттің тиімді баға саясаты мен жеңілдіктері оқушыларды туған жерінде білім алуға ынталандырды.
Жиынның тағы бір маңызды бөлігі - студенттік өмір мен шығармашылық бастамалар. Университетте студенттерге арналған ғылыми-зерттеу зертханалары, спорт алаңдары, шығармашылық студиялары мен түрлі әлеуметтік жобалар бар. Бұл жобалар студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға, ғылым мен инновациялар саласындағы білімдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
«Біздің университетте білім алу - тек теориялық біліммен шектелмейді. Студенттер ғылыми жобаларға қатысып, стартаптар құрып, өз шығармашылық қабілеттерін толықтай жүзеге асыра алады. Сондай-ақ, әлеуметтік жобалар мен волонтерлік қызметке қатысу арқылы қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік алады», - дейді университет өкілдері.
Кәсіби бағдарлау жиынында оқушылар мен ата-аналарға болашақ мамандықты таңдауда жеке кеңес беру ұсынылды. Университеттің білім беру жүйесінің икемділігі мен бағдарламалардың көптігі жастарға өздерінің қабілеттеріне сай мамандықты таңдау мүмкіндігін береді.
Бір сағатта созылған жиынның барысында қатысушылары тұшымды ақпараттарды алып университеттің білім беру жүйесін, ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін және студенттік инфрақұрылымды зерттеп, білім алу жолында үлкен қадамдар жасауға шақырылды.