Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Мансап орталығы Бизнес мектебі, Халықаралық инженерия мектебі, Сәулет, құрылыс және энергетика мектебі, Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің түлектері, басшылары және профессор-оқытушылар құрамының «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ өкілдерімен онлайн кездесуін ұйымдастырды.
Жас мамандардың іскерлік және кәсіби құзыреттерін дамыту мақсатында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ «IZBASAR» бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама атом өнеркәсібіндегі беделді компанияда жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынады. Аталған компания Қазақстан Республикасының уран және оның қосылыстарының, атом электр станцияларына арналған ядролық отынның, арнайы жабдықтар мен технологиялардың экспорт-импорты бойынша ұлттық оператор мәртебесіне ие.
Экономика және жоспарлау бөлімінің менеджері Лейла Сабдина Бағдарламаға қатысудағы жеке тәжірибесімен бөлісіп, қойылған сұрақтарға жауап берді және ШҚТУ-дың биылғы және өткен жылғы түлектерін мүмкіндікті жіберіп алмауға, болашақ мансапқа нық қадам жасауға шақырды. Ол үшін 6 кезеңнен өту қажет:
- Өтінім беру.
- Мотивациялық эссе.
- Бизнес-кейс және тестілеу.
- Құзыреттер бойынша сұхбат.
- Рөлдік ойын.
- Панельдік сұхбат.
Толық ақпаратты презентациядан және Instagram желісіндегі QR-код арқылы көре аласыздар.