Ақпанның 12-сі күні қалалық кітапханада А.С. Пушкиннің туғанына 225 жыл толуына орай «Пушкинді оқимыз! Давайте Пушкина читать!» атты Республикалық интернет-сайысының ашылуы болды. Шараға біздің университетіміздің атынан "Абай" және "Пушкин" клубтары қатысты.
Әлемге әйгілі ойшылдар мен ақындар арасынан қазаққа ең жақын тұрғаны - Пушкин десек артық айтқандық бола қоймас. Оны қазаққа жақын еткен - Абай. Абай арқылы Пушкин шығармашылығы қазақ даласына қазақтың төл ақынындай боп кең тарады.
Шара Пушкиннің Абай аудармасынан «Балықшы мен балық» ертегісінің қойылымынан бастау алды. «Пушкин» клубының мүшесі Мақанова Амина «Онегиннің Татьянаға жазған хатынан» үзінді оқыса, "Абай" клубының мүшесі Күнтуғанқызы Айман «Руслан мен Людмила» поэмасын жатқа оқыды.
Сонымен қатар, ақын, аудармашы Бақытжан Раисова оқырмандарға Пушкин аудармалары туралы, оның адамзатқа беретін тәрбиелік мәні жайлы сөз қозғай кетсе, балалар жазушысы Кәмшат Әбілғазықызы интернет-сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шара соңында оқырмандар кітапхана қорындағы А.С.Пушкиннің кітаптары мен аудармаларнан жинақталған әдеби шығармалармен және Өскемен қаласының Этнографиялық музей-қорығы ұсынған көрмемен жақынырақ танысты.