Елімізде өтетін республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясына біздің университеттің ғылыми кітапханасы 2007 жылдан бастап қатысып келеді. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ, жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке және адамгершілікке тәрбиелеуге, ана тілге мұқият қарауға, оқу мәдениетін қолдау және дамыту мен сауаттылық бағдарламасын арттыруға, рухани мұраны сақтауға және оқуға деген жәрдемдесу болып табылады.
Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.
ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының, ҚР кітапханашылар Ассоциациясының бастамасымен өткізіліп келе жатқан «Бір ел-бір кітап» акциясы биылғы жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы, Бауыржан Момышұлы және Немат Келімбетов сынды еліміздің танымал жазушыларының шығармаларын оқуды ұсынады.
Осыған орай, біздің университеттің ғылыми кітапханасының оқу залында оқырмандар үшін «Бір ел-бір кітап» атты кітап көрмесі қойылған.
Көрмеде:
- Ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор, Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары;
-Қазақ халқының өр тұлғаларының жалғасы, қаһарман ұлдарының бірі, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар майдангер – жазушы Бауыржан Момышұлының 1974 жылы жарық көрген "Ұшқан ұя" повесі. Бұл кітапта халқымыздың XX ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы іспетті аса құнды, қазақ руханиятының қазынасы. Салт-сана, дәстүр, ұлттық келбеті өте шынайы суреттеледі. Бауыржан Момышұлы Мемлекеттік сыйлыққа (1976) ие болған «Ұшқан ұя» кітабында он алтыншы жылдың дүрбелеңі мен күштеп ұжымдастыру кезіндегі тартыстар батыл айтылып, Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдары кеңінен қамтылған;
- Жазушы, аудармашы, түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» кітабы. 2011 жылы Бұл хикаят-монологта ауыр науқасқа шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершілігі, мөлдір махаббаты сөз болады. Науқас адамның сын сағаттағы сан қилы ой-толғаныстары бас қаһармандар Ержан мен Гауһардың монологтары арқылы берілген.
Құрметті оқырмандар! Барлықтарыңызды «Бір ел – бір кітап» акциясына қатысып, ақын-жазушыларымыздың шығармашылығымен танысуға шақырамыз.