ШҚМТУ Гуманитарлық білім беру факультетінде «Абай», «Алтын бесік», «Пушкин» клубтары жұмыс істейді. Олардың қатары жуықта Рухани жаңғыру аясында кезекті жаңа бастама - «Ақ жүзік» клубымен толықты. Оның жетекшісі - аға оқытушы Жайнагүл Әділбаева қыз бала тәрбиесі қай заманда да аса өзекті екендігін атап өтті. 

Айта кету керек, «Абай» клубы Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар жоспарлап отыр. Негізгі шара - клубқа биыл тіркелген жаңа қатысушылармен бірге ғұламаның туған жері Жидебайға барып, тағзым жасау және осы бастаманы эстафета ретінде өзге факультеттерге ұсыну. Сондай-ақ, #Abailike хэштегімен студенттердің Абай шығармашылығыа орайластырылған көркемөнерпаздығы жарияланбақ. Ал бұл шараларды қорытындылайтын ­- жыл соңына жоспарланған аймақтық арнайы «Абайды таны» пресс-конференциясы болмақ. 

Алда қыздардың тәрбие ісімен айналысып қана қоймай, іскер әйелдермен, Зейнеп Ахметова, Гүлбаран Етекбаева сияқты тәлім-тәрбие бағытындағы танымал тұлғалармен кездесулер ұйымдастыру да жоспарда.

«Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі Ақмарал Тұрсынбекқызы жастарға пайдалы рухани, танымдық ақпарат беретін клубтар қатары толыққаны жағымды өзгеріс деп отыр. Маманның айтуынша, аталмыш клубтарға қалаған студенттердің барлығы мүше болуға өтінім бере алады.