Бүгін Д.Серикбаев атындағы ШҚТУ-дың 20-ға жуық студенті "Sanaly urpaq" жобалық клубының мүшесі атанды. Білім алушылар антты «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты онлайн-кездесу барысында берді.
Тәрбиелік мәні бар онлайн-кездесуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің республикалық «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесінің басшысы Қайыржан Ахметбекұлы Токушев, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры Сабира Минтайқызы Сапина қатысты.
«Академиялық адалдық» кітабының авторы Сабира Сапина қатысушыларға академиялық адалдықтың негізгі қағидаттары туралы айтып берді.
- Қазіргі таңда студенттер реферат, диплом, магистерлік, докторлық диссертацияларды жазғанда ақпаратты Ғаламтор желісінен іздейді. Кейбіреуі тапқан ақпаратқа сараптама жасамай-ақ, сол күйінде ала салады. Сонда, бұл басқа біреудің дүние-мүлкін меншіктеп алғанмен бірдей. Неге солай жасадың деп сұрасам, «плагиат жасағанымды білмеппін, оқудан шыққым келмеді, тапсырманы уақытында тапсыра алмай қаламын деп қорықтым» деген сылтауларды естуге болады. «Академиялық адалдық» кітабында норма саналатын іс-әрекеттер сипатталып қана қоймай, реферат, диплом және тағы басқа еңбектерді қалай дұрыс рәсімдеуге болатыны жайлы жазылған, - деді автор.
ZOOM платформасында өткен кездесу барысында академиялық адалдық, жоғары оқу орындарында және колледждерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты енгізу мәселелері кеңінен қозғалды.
- Соңғы 3-4 жылда көптеген бастамалар қолға алынды. «Sanaly urpaq» клубына жастар қабылданып жатқаны да қуантады. Университеттеріңізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт енгізу бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын білеміз. Бұның барлығы келешек ұрпақтың болашағы үшін зор үлесін тигізеді, - деп атап өтті «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесінің басшысы Қайыржан Токушев.
«Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты онлайн-кездесу соңында жастарды адал, патриот болуға үйрететін және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Sanaly urpaq» мектебін ашу идеясы айтылды.