2-сәуірде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің Рухани жаңғыру кафедрасы, Қазақ және орыс тілдері кафедрасы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалымен бірлестікте «Latynnegizdi qazaq álipbii - jańasha ulttyq sana qalyptastyrýdyń negizi» тақырыбында семинар-тренингін өткізді.
Ақпараттық коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы күнделікті тұрмыста латын әліпбиін жүйелі қолдануға өз мүмкіндігін тигізіп отыр. Мысалы, БАҚ құралдарында, ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Жастар арасында аталған графиканы қолдану аясы өте кең тараған.
Шараға студенттер, магистранттар, сала мамандары, ЖОО оқытушылары қатысты. Семинар-тренингті ф.ғ.к., тренер Гүльнар Ниғметқызы Зайсанбаева және ф.ғ.к., тренер Айгүл Сейлхан жүргізді. Тренинг барысында оқытушылар мен студенттер латыннегізді қазақ әліпбиін тәжірибе жүзінде меңгеру жұмыстарын жүргізді.
Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі Асавбаева Гульзада Байдрахмановна: «Латыннегізді әліпбиді меңгертуде осындай семинар-тренингтерді жүргізудің маңызы зор. Өйткені бұл тренингтерде білім алушылар тәжірибе барысында жаңа әліпбиді үйрене алады. Маңыздысы, қоғамда әліпбиге халықтың көзі үйреніп, дағдылануында, сондықтан бүгінгі тренингті ұйымдастырған әріптестерімізге алғысымыз мол. Болашақта да осындай шараларды бірлесе атқаруды жоспарлаудамыз» - деген пікірін білдірді. Студент жастар жаңа әліпбидің ұлттық тәуелсіз сана қалыптастырудағы рөлі, түркі және жаһандық әлемдегі ықпалы, ұлт болашағы үшін өркениеттік маңызы туралы ойларын жеткізді. Жастардың жаңа әліпбиді бірауыздан қолдап жатқаны баршамызды қуантады.
«Рухани жаңғыру» кафедрасы