Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген айрықша мереке алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Елбасының бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Сонымен қатар, аға ұрпақ өкілдеріне, ата-ана, туыс-бауырға шынайы сезіммен ризашылық білдіретін күн.
Осы орайда Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ университетінде Алғыс айту күні кеңінен атап өтілді. Тәрбиелік маңызы бар іс-шара барысында студенттер бір-бірімен құшақтасып, қол алысып, өздерінің ақ ниетін танытты. Іс-шараның мақсаты ризашылық пен алғыс, сыйластық құндылығы туралы түсініктерін кеңейту, сыпайылық қарым-қатынасын дамыту, қасиетті рухани құндылықтармен кеңінен таныстыру болды. Қатысушылар арасында ойындар ойнатылып, студенттер түрлі қызықты сұрақтарға жауап берді. «Алғыс айту» күні махаббат, мейірім, ризашылық сезімдерін білдіруден артық сыйлық жоқ. Ал, осы үш қымбат сезімді біріктіре отырып, алғыс хат жазсаңыз немесе қоңырау шалсаңыз, бұл ұмытылмайтын сыйлық болады! Студенттер шалғайдағы ата-аналарына деген ыстық сағыныш пен махабатты телефон арқылы жеткізуге тырысты. Үнемі күнделікті күйбің тіршілікте хал-жағдай сұрасудан ұзамайтын баласының, «Анашым, мен сені жақсы көремін, саған рақмет айтамын»,- деген жылы лебізін естігінде аналары риза болып жатса, кейбірі тосын сыйға таңырқап жатты. Алғыс айту күні, Қазақстан халқына тән асыл қасиеттер - патриотизм, абырой мен әділдік, құрметтеу мен ізгілік қосымша серпін алады. Алғыс айту күніне арналған ашық тәрбиелік іс-шара -бұл қазақ халқының жоғары мәдениеті мен өнегелік қасиеттері туралы студенттердің тарихи-мәдени білімдерін көтерудің өзгеше формасы әрі студенттердің ой-танымын қалыптастырудың негізі болар бірден-бір жақсы шара болды.
«Рухани жаңғыру» кафедрасы