Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Шығыс Қазақстан облысына іс-сапарымен келді. Сапар барысында ол Д. Серикбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіне барды. Жүзеге асырылып жатқан ғылыми жұмыстардың нәтижелерімен танысты.

Өңірде техникалық университеттің өнеркәсіптік кәсіпорындармен және медициналық ұйымдармен тығыз байланыста жүзеге асырылатын инновациялық жобаларға үлкен көңіл бөлінеді. ШҚМТУ Үлбі металлургиялық зауытымен бірлесе титаннан, танталдан, ниобийден жаңа қорытпа жасады. Бұл қорытпаны имплантанттарды өндіру үшін пайдалануға болады. Университеттің тәжірибелік-өндірістік алаңында ҚР Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының үлгісі бойынша жаңа, модернизацияланған имплантаттардың түрін әзірледі. Сонымен қатар, университеттің магнитті резонансты томографтар үшін аса өткізгіш сымдарды жасау жөніндегі ҮМЗ ынтымақтастығын атап өтуге болады.

Үкімет басшысы ШҚМТУ-дың материалдық-техникалық базасын жоғары бағалады. Шығарылып жатқан өнімдердің сапасына көз жеткізді. Алдағы уақытта жұмыстарды жалғастыру керктігін айтып, әрқашан қолдау білдіретінін атап өтті.

- Университеттегі тәжірибеге бағытталған ғылымның мұндай дамуы қуантады. Өңірдегі ірі кәсіп орындармен тығыз байланыс орнатқандарыңызды көріп отырмын. Облыстың дамуына үлестеріңізді қосып жатырсыздар. Жобаларыңызды қолдаймын, - дейді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.

Имплантаттарды қарау барысында, Үкімет басшысымен ҚР Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының басшысы Нұрлан Батпенов бейнеконференция арқылы байланысқа шығып, университетпен бірлескен қызметтің нәтижелері туралы баяндады.