Тәуелсіздік күні қарсаңында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да тағы бір құзыреттілік орталығы пайдалануға берілді. Бүгін "Энергетика саласындағы құзыреттер мен технологиялар трансфері орталығы"ашылды.
Энергетика кез келген технологиялық процестің маңызды бөлігі екені белгілі. Сол себепті, құзыреттілік орталығын ашу - бұл энергетика саласы үшін сапалы кадрлар даярлаудың жаңа деңгейі болып табылады.
Орталықта бүгінде 50-ден астам зертханалық жұмыстардың тізбесі бойынша зерттеулер жүргізу мүмкіндігі бар, электр және жылу энергетикасының 20 зертханалық - зерттеу кешені орнатылған. Сонымен қатар, электротехникалық материалтану, жоғары кернеулі техника бағыттары бойынша зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ететін "жоғары вольтты сынақтар" зертханасы жұмысын бастамақ.
"Энергетика саласындағы құзыреттер мен технологиялар трансфері орталығының" ашылуына энергетикалық компаниялардың өкілдері қатысты.
- Университет жылдан жылға нақты қадам жасап дамып келеді. Мына ашлып жатқан құзыреттілік орталығы осыған дәлел. Бұл жерде студенттер тәжірибе арқылы кәсіби инженерлік біліктілікке үйренеді. Кейін мықты маман болып энергетикалық компанияларда қызмет атқаратын болады, - дейді "АЭС Өскемен ГЭС" ЖШС және "АЭС Шүлбі ГЭС" ЖШС атқарушы директоры Тілек Айдабұлов.
Аталған орталықты қажетті техникалық талаптарға сай құрал –жабдықтармен қамтамасыз етуде "КЭМОНТ" АҚ көмек көрсеткен. Осылайша, білім алушылар заманауи құрылғыларды қолдана отырып дағдыларын шыңдайды.
Бұл орталықтың басты міндеті - студенттерді жылу энергетикасы және электр энергетикасы бағыттары бойынша базалық және кәсіби инженерлік біліктілікке үйрету. Бұдан басқа, магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдар энергетика саласында қажетті ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын болады. Сондай-ақ, осы орталықтың негізінде білім алушылар World Skills стандарттары бойынша жоғары оқу орындары арасындағы жарыстарға қатысу үшін жаттыға алады. «Энергетика саласындағы құзыреттер мен технологиялар трансфері орталығының» арқасында университет энергетика саласында өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін мықты мамандарды даярлау бойынша тірек ЖОО болады.
Ашылу салтанатынан кейін құрметті қонақтардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Қатысушыларға дәстүрлі және баламалы энергетика мектебінің жұмыстары таныстырылып, ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Іс –шара барысында 1952 жылғы желтоқсанда бірінші гидроагрегат іске қосылған сәттен бастап мерейтойлық -100 млрд кВт/сағ өндірген Өскемен ГЭС басқармасынан ШҚТУ ректоры Жасұлан Шаймардановқа естелік мүсін мен құттықтау хат табысталды.
ШҚТУ-да құзыреттілік орталықтарын қалыптастыру - бұл білім беруде практикаға бағытталған тәсілді іске асыру, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамыту және ғылыми-техникалық әзірлемелер, шешімдер мен технологиялар үшін қажетті орта мен мүмкіндіктер жасау болып табылады.