Бүгін Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен еліміздің Тәуелсіздік күніне орай, Абай атындағы оқу дәрісханасы ашылды.
Оқу дәрісханасының ашылу салтанатына "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлістігінің ШҚО филиалының төрағасы Шерубаев Айтқазы Сеидұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Шәкәрім университеті Абай институтының директоры, абайтанушы Әубәкір Жандос Мағазбекұлы арнайы келіп қатысты.
- Қанша уақыт өтсе де біздің алдымызға қоятын басты темірқазығымыз ол Абай. Ақынның шығармаларынан кез келген бағыттағы маман өзіне керегін табады және нәр алады. Оның бір айқын дәлелі, үлкен техникалық университетте Абайға деген жасалып жатқан құрметтен байқаймыз,- дейді Жандос Әубәкір.
Сонымен қатар, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер Институтының халықаралық байланыстар және әлемдік әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ҚР Жазушылар Одағының Басқарма мүшесі Ананьева Светлана Викторовна іс-шараға онлайн режимде қосылды.
Светлана Викторовна жиын барысында қатысушылармен қуанышты жаңалықпен бөлісті. Оның айтуынша, бүгін Рим қаласында Абай Құнанбайұлының орталығы ашылған екен. Сондай –ақ, ақынның итальян тіліне аударылған шығармаларының тұсауы кесіліпті.
Іс-шара соңында құрметті қонақтарға университет атынан сыйлық табысталды.