Бүгін Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Бұған Ғылыми кеңес мүшелері, декандар және олардың орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, білім бағдарламаларының жетекшілері қатысты.

Күн тәртібіндегі қаралған сұрақтардың қатарында корпоративтік басқару стратегиясы: адами ресурстарды дамыту; корпоративтік басқару стратегиясы: ақпараттық-коммуникациялық қамтамасыз ету; интернационалдандыру стратегиясы: нәтижелері, міндеттері келешегі және 2020-2021 оқу жылының қысқы емтихан сессиясының қорытындылары болды. Сонымен қатар, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың осы оқу жылының І жартыжылдығында Ғылыми кеңес шешімдерінің орындалуы туралы сұрақ қаралды.

Әрбір компания, мекеменің ең басты ресурсы – бұл адам. Сондықтан адами капиталды дамыту ШҚТУ-дың даму стратегиясында ерекше орын алып отыр. ЖОО-да «Болашақ капиталы» жобасы жүзеге асырылмақшы.

- Басты мақсаты - кәсіби өсу бағдарламаларын іске асыру, ғылыми тиімділікті ынталандыру, жас мамандарды тарту арқылы кадрлық құрамды күшейту, университеттің ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің сапасын арттыруға бағытталған мақсатты кадрлық саясатты әзірлеу және енгізу, - дейді бірінші проректор Сәуле Рахметуллина.

Университеттің сандық экожүйесін жетілдіруге аса көңіл бөлініп келеді. Осы орайда, алдағы уақытта білім беру ордасының материалдық-техникалық базасы әрі қарай жаңартыла бермек.

ШҚТУ-дың Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы металлургия және материалтану, атом өнеркәсібі саласында кадрлар даярлау жөніндегі халықаралық хаб ретінде тануға қол жеткізу мәселесі де назардан тыс қалмады. Ол үшін әлемнің үздік университеттерімен қос дипломды бағдарламаларды жүзеге асыру әрі қарай жалғаса бермек. Экономика салаларына қажетті мамандарды даярлау үшін еліміздің ірі кәсіпорындарымен ынтымақтастық нығая түсу жолында іс-шаралар жоспарланған. Сонымен бірге, халықаралық зерттеу топтары құрылып, өзекті бағыттар бойынша жұмыс істейтін болады.

Ғылыми кеңес мүшелері қаралған сұрақтарға қатысты өз ұсыныстарын айттып, шешім жобаларын толықтай қолдады.