Қасиетті Рамазан айының әр күні ұйымдастырылып жатқан игі шаралардың бірі Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың студенттер жатақханасында жалғасты.
Жыл сайынғы дәстүрі бойынша, университет ҚМДБ Өскемен аймағы бойынша өкілдігінің облыстық «Халифа Алтай» мешітінің қолдауымен студенттерге ауызашар ұйымдастырды. №1,2 жатақханада ораза ұстаған 260 студентке ауызашарға арналған ыстық тамақ, құрма, су, жемістер мен ыстық бауырсақ бар арнайы қоржындар таратылды.
Ұйымдастырушылар айлардың сұлтаны, үлкен қуаныш, ерекше үмітпен өткізетін Рамазан айымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Қасиетті Рамазан айының ерекшелігі жайлы мазмұнды әңгімелер айтылып, жастар тәрбиесі, білімі мен мәдениеті турасында тағылымды ойлар ортаға салынды.
Студенттер рухани салада атқарылып жатқан жұмыстарға өз ризашылықтарын, «Халифа Алтай» мешітінің Бас иамамы Ермек Тасболатұлына алғыс білдіріп, Діни басқарманың игі бастамаларына сәттілік тіледі. ҚМДБ Өскемен өңірі өкілдігі мен университет арасындағы серіктестіктің нығаюы - бүгінгі жастар мен келешек ұрпақ үшін құнды рухани қазына болары сөзсіз.