Мемлекеттің ғылымды, технологиялар мен инновацияларды дамыту саласындағы міндеттерінің бірі – ғылымдағы кадрлар әлеуетін нығайту, әсіресе жастар арасында ғалымдар мен зерттеушілер санын көбейту. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың ғылым саласында ашып жатқан жаңалықтары көп. Себебі білікті мамандардың көбі осы оқу орны қабырғасында қызмет етеді. Кезекті ТЕD х форматындағы кездесудің қонағы университетіміздің жас ғалымы «Материалдарды прототиптеу және өңдеу» ғылыми - өндірістік кешенінің басшысы Бағдат Нұрланұлы Азаматов.
Бағдат Нұрланұлы: «Бүгінгі таңда жастарға ғылыми жаңалықтар ашуға, зерттеу жұмыстарын жүргiзуге барлық мүмкіндік жасалған. Қазіргі уақытта кешенімізде ҮМЗ АҚ-мен бірлесіп, университет қабырғасында импланттардың 20-дан аса түрін дайындау технологиясы әзірленді. Бүгінде оларды медициналық мақсатта пайдаланып та үлгерді. Өнімнің 3 табақшасы пациенттерге орнатылған. Қазір клиникалық сынақ кезеңі жүріп жатыр. Сондай-ақ импланттардың жаңа түрлерін жасау технологиялары әзірленуде. Ғылымға бет бұрғысы келетін, осы сала қызықтыратын кез келген қабілеті бар студент біздің мамандар жүргізетін қосымша үйірмелерге қатысып, болашақта курстық, дипломдық жұмыстарын осы салада жазып, жоғарғы курстарда біздің кешенде қосымша жұмысқа тұруына болады. Студенттердің инновациялық стартап жобаларға, гранттық қаржыландыру жобаларына қатысу мүмкіндіктері студенттердің шығармашылық қызметке тартуды арттырады, олардың болашақта жұмысқа орналасуына, мансаптық өсуіне, тұрақты материалдық қамтамасыз етілуіне деген сенімін күшейтеді»,- деп өз саласы туралы студенттерге кеңінен мағлұматтар беріп, жастарды кәсіпкерлік саласына тарту тақырыбын да талқылады. Ойын құр сөзбен емес, басынан өткен қызықты оқиғасымен байланыстырып, студенттерге эмоция сыйлады. Өзіндік идеясы бар жас ғалым студенттерді бір алаңға жинап, сұрақтарға жауап берді.
P.S. TEDх жобасына қызықсаңыз, ой-өрісіңізді кеңейткіңіз келсе, мықты спикерлердің дәрістерін тыңдауға мүмкіндік бар. ШҚТУ-дың TED х жобасын қолдауды ұмытпа!