Талдықорған қаласында Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы мен «Алматы облысының ішкі саясат басқармасы» ММ «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесімен бірлесіп Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған республикалық «IQ DODA» зияткерлік ойынын алғаш рет өткізді.

Ойынға әр өңірден 12 команда қатысып, бақтарын сынады.

Мақсаты - халықтың барлық топтарының өкілдерін Елбасы идеяларының айналасында біріктіру, қазіргі заманның жаңа жағдайларына сәйкес зияткерлік даму, стандартты емес дербес ойлауды, интуицияны, әзіл сезімі, зияткерлік реакцияны дамыту.

«IQ DODA-ға» Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Алаш Орда» командасы қатысты. Республикалық дебаттың үздік спикері Мерлат Кеңесжан бастаған «Алаш Орда» тобының құрамында университеттің белсенді, білімді, ең үздік студенттері бар. Үш күнге созылған білім додасында «Алаш Орда» командасы жас болса да өз білімдерін жоғары деңгейде көрсетіп, арнайы Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Республикалық «IQ DODA» зияткерлік ойыны - тұлғаның жүйелілік, шығармашылық, интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ топпен жұмыс жасау, басқа позицияларды үйлестіру, өзіндік пікірін қорғау және әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді. Интеллектуалды дамытудағы бұл жоба мәдениет пен демалыс саласындағы инновациялық бағдарламалардың циклі болып табылады. Бұл ойынға қатысып, біз болашақта бағыт-бағдар, жолдама алдық десек те болады. Жетісу халқы ерекше құрметпен қарсы алып, 3 күн бойы қонақжайлылықтарын көрсетті. Қаншама достар таптық. Небір қызық сұрақтармен жауаптардың куәсі болдық, өзімізге тәжірибе жинақтадық» деп команда капитаны Мерлат Кеңесжан ұйымдастырушыларға жылы лебізін білдірді.

Даралықты дамытып, шығармашылықтарын шыңдап, көшбасшылық қабілеттерін көрсетіп жүрген студенттеріміздің игі істері көңіл қуантарлық.