Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың бірнеше қызметкері бірігіп, көпбалалы екі отбасыға қол ұшын берді. Наталия Клевцова көп балалы ана. Әзірше төрт баласын жалғыз асырап жатыр. Үлкен ұлы 5-сыныпта оқиды, кенжесі екі-ақ жаста. Қазір кішкентай баласын бағып, мемлекеттен берілетін жәрдемақыға өмір сүруде.
Университет қызметкерлері кір жуғыш ұнтақ, сабын, ыдыс жуатын сұйықтық және тағы басқа тұрмысқа қажетті заттарды, сонымен қатар, сурет салатын альбомдар, түрлі-түсті карандаштар мен тәттілерді апарып, Клевцовтар отбасын бір қуантты.
Сонымен қатар, жанашыр жандардың шапағатын Кузнецовтар отбасы да көрді. Елена есімді өскемендік қазір алты баласын тәрбилеуде. ЖОО-ның мамандары балаларына киім-кешек жинастырып, тұрмысқа қажетті заттарды әкеліп, табыстады. Қасиетті Рамазан айында көрсетіліп жатқан қайырымдылық шаралары әлі де жалғасатын болады.