Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің спортшылары жағажай волейболының финалына шықты. Демалыс күндері ЖОО-ның қыздар және ұлдар командасы үш ойын өткізіп, қоржындарын ұпаймен толықтырды.
Қыздар құрамасы Қазақ спорт және туризм академиясы, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университеті командаларымен тартысты ойын өткізіп, 2:0 есебімен жеңімпаз атанды. Кеше Тараз химия-технологиялық институты студенттерімен ойын өткізіп, 2:0 есебімен финалға жолдама алды. Ақтық ойынды ШҚТУ-дың спортшы қыздары әл - Фараби атындағы ҚазҰУ командасымен өткізеді.
Ұлдар құрамасы да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, финалға өтті. Волейболшылар Тараз химия-технологиялық институты құрамасы мен Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университеті командаларын 2:0 есебімен ұтты. Жартылай финалда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің спортшыларын жеңіп, ҚР XI жазғы универсиадасының алтын медальдары үшін финалда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасымен ойын өткізеді.
Еске сала кетейік, Алматыда ҚР ЖОО арасында XI жазғы Универсиада аясында жағажай волейболынан турнир өтіп жатыр. Барлығы 12 команда өз күштерін сынауда. 25 мамыр, яғни ертең ақтық ойындар өтеді.