Тұңғыш Президент күніне орай Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың кітапханасы жөндеу жұмыстарынан кейін салтанатты түрде ашылды.
Жаңартылған руханият ошағының оқу залы кең, әрі көп функционалды. «IDEA-ROOM activity» «Face To Face» «Оқу», «Цифрландыру» аймақтарына бөлінген. Студенттер емін-еркін, ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ кітапхана қорына қол жеткізе алады. Өз бетінше керек кітаптарды алып, тіркеп, пайдалана береді. Шығаберісте орнатылған арнайы құрылғының арқасында, кітапты рұқсатсыз алып кету мүмкіндігі болмайды.
Салтанатты іс-шарада бірінші проректор Сәуле Рахметуллина сөз сөйлеп, жиналған қауымды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Сонымен қатар, кітапханада 40 жылдан астам еңбек еткен Риза Бегимова өз құттықтауларын жеткізді.
- ШҚТУ кітапханасы республика бойынша ғылыми кітапханалар үздігінен ешқашан түспеген. Бүгін осындай жаңартылған күйде білім алушыларды қарсы алуға дайын. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жастар үшін ыңғайлы етіп жасалған. «Кітапхана мен кітаптарсыз өскелең ұрпақты тәрбиелеу мүмкін емес деп» Елбасымыз да айтқан, – дейді кітапхана ардагері Риза Бегимова.
Кітапхана оқырмандар көп шоғырланатын орын болғандықтан, ауаны зарарсыздандыру үшін бактерицидті шамдар орнатылған.