Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті өңірдің академиялық кеңістігіндегі маңызды шаралардың бірі — Ташкентте өтіп жатқан және Еуразияның жетекші университеттерін біріктіретін QS Eurasia Forum 2025 форумына қатысуда. ШҚТУ үшін бұл форумға қатысудың маңызы ерекше, себебі бүгінгі Еуразия — Шығыс пен Батысты байланыстыратын географиялық көпір ғана емес, ғылым, технология, инженерия және тұрақты даму салаларында жаңа тәсілдер қалыптасып жатқан стратегиялық кеңістік. Университет осы үдерістердің белсенді қатысушысы болуға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және жаңа ғылыми мүмкіндіктер қалыптастыруға ұмтылады.
Форум аясында ШҚТУ делегациясы Өзбекстанның екі жетекші ғылыми-білім беру орталығымен келіссөздер жүргізді. Аймақтағы ең көне жоғары оқу орындарының бірі — Мирзо Улуғбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті физика, қолданбалы математика, жасанды интеллект, химия және биология бағыттарындағы мықты ғылыми мектептерін таныстырды. Ал Өзбекстан Республикасының Геология ғылымдары университеті — Орталық Азиядағы ең ірі мамандандырылған зерттеу құрылымы — геология, геофизика, минеральдық ресурстар, гидрогеология және мұнай-газ барлау салаларында жұмыс істейтін институттарының ғылыми әлеуетін көрсетті. Бұл кездесулер бірлескен ғылыми жобаларды қалыптастыру мен тәжірибе алмасуда маңызды қадам болды.
Келіссөздер нәтижесінде Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, Әзербайжанның Баку мемлекеттік университеті, Өзбекстан ұлттық университеті және Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті арасында төртжақты келісімге қол қойылды. Бұл құжат бірлескен ғылыми бастамаларды дамытуға және халықаралық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталған жаңа академиялық ынтымақтастық кезеңін бастайды.
Өзбекстанның жетекші университеттерімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум атом энергетикасы, геология және геоинженерия, минералдық ресурстар, химия және биохимия, экология, инженерлік ғылымдардағы жасанды интеллект, тұрақты даму және жасыл технологиялар сияқты негізгі бағыттарды қамтиды. Сонымен бірге, ШҚТУ студенттері мен оқытушылары үшін академиялық ұтқырлық, тағылымдама, ғылыми практика және Ташкенттің жетекші университеттерінде білім алу мүмкіндіктері кеңейеді. Бірлескен зертханалар, ғылыми топтар және зерттеу жобаларын құру жоспарланып отыр, бұл университетке ЕАЭО, ЕО және АТЭС халықаралық гранттық бағдарламаларына белсенді қатысуға жол ашады.
ШҚТУ-дың QS Eurasia Forum 2025 форумына қатысуы университеттің халықаралық рейтингтердегі позицияларын нығайтуға және академиялық серіктестікті кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Форум Еуразиядағы ғылыми кооперацияның жаңа картасы қалыптасатын стратегиялық алаң саналады, және ШҚТУ осы кеңістіктің негізгі қатысушыларының біріне айнылуды мақсат етеді. Университет форум ұйымдастырушыларына, сондай-ақ Өзбекстан ұлттық университеті мен Геология ғылымдары университетіндегі әріптестеріне ашық әрі нәтижелі диалог үшін ризашылық білдіреді.
ШҚТУ серіктестік, ғылым және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту арқылы алға қарай нық қадаммен жылжуды жалғастыруда.

