Жастардың бойында парасаттылық, адалдық сияқты моральдық қасиеттерді қалыптастыру - білім беру процесінің маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан бұл міндетті орындау жолында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Жоғары IT-колледжі қабырғасында "Адалдық дүкені" ашылды.
Дүкеннің ашылу рәсіміне ШҚТУ бірінші проректоры Сауле Рахметуллина және «Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Маржан Бақыт қатысты.
- Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да адалдық дүкені ашылып жатқаны қуантарлық жағдай. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» дегендей балаға білімнен бұрын тәрбие беру маңызды. Өскелең ұрпақұтың бойына адалдық, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді асыл қасиеттерді сіңіру басты міндет, - дейді Маржан Бақыт.
Мұндай дүкендер мен буфеттер өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесіне негізделген: студенттер мен қызметкерлер кеңсе тауарларын алып, төлемді арнайы ашық кассада қалдырады. Дүкенде сатушы болмайды, сатып алушыларды ешкім бақыламайды.
"Адалдық дүкені" жобасының мақсаты - қоғамда сенім атмосферасын құру, білім алушыларға өзін адал адам ретінде тануға мүмкіндік беру. Барлығы тек адалдық принципіне негізделген. Мұндай дүкендер "сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті" қалыптастыруға көмектесетіні сөзсіз.