Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің (ШҚТУ) делегациясы Лондонда өткен BETT UK 2025 халықаралық білім беру технологиялары көрмесіне қатысты. Әлемнің 130-дан астам елінен өкілдер жиналған бұл бірегей шара университеттің инновациялық білім беру жобаларын көрсетуге және жетекші әлемдік институттармен байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

BETT UK 2025 көрмесінде ШҚТУ өздерінің инновациялық білім беру бағдарламаларын және Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық аясында құрылған ерекше білім беру жобасы – «Лу Бан шеберханасын» ұсынды. Жоба университет студенттері мен оқытушыларының кәсіби және инженерлік дағдыларын дамыту, білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу, дәстүрлі инженерлік пәндерді заманауи цифрлық және автоматтандырылған технологиялармен үйлестіру мақсатында жасалған. Бір жыл ішінде ШҚТУ-дағы «Лу Бан шеберханасы» техникалық білім беруді дамытудағы маңызды қадамға айналды. Бұл жоба озық технологияларды, халықаралық ынтымақтастықты және тәжірибелік оқытуды біріктірді.

Шеберхана және инновациялық білім беру бағдарламалары студенттерге заманауи жабдықтарда білім алуға және «болашақ технологияларын» игеруге мүмкіндік береді. Инженерлік бағыттарға ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар студенттердің жоғары технологиялық өндірістік қондырғылармен, жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын, сондай-ақ экологиялық smart-автокөліктер мен электромобильдерге қатысты көпфункционалды жобаларды әзірлеу және оларды қалалық инфрақұрылымға интеграциялау бойынша дағдыларын қалыптастырады.

Көрме қонақтары ШҚТУ-дағы жұмыс істеп тұрған «Лу Бан шеберханасының» инфрақұрылымы мен жабдықтарын «SMART GUIDE» мультимедиалық платформасы арқылы көре алды.

«SMART GUIDE» – ШҚТУ студенттерімен бірлесіп жасалған интерактивті жоба< Жоба «Лу Бан шеберханасының» интерактивті макеті мен «SMART GUIDE» экскурсовод роботынан тұрады. Макет университеттің бас ғимаратының, заманауи зертханалары мен жабдықтарының 3D-модельдерін қамтитын оқу кеңістігінің кішірейтілген үлгісі болып табылады. Оған QR-кодтар қосылған, бұл кодтар арқылы механизмдер мен технологиялардың жұмысын көрсететін оқу бейнематериалдарына қол жеткізуге болады. Ал «SMART GUIDE» роботы зертханалар, білім беру мүмкіндіктері және «Лу Бан шеберханасының» инженерлік шешімдері туралы егжей-тегжейлі айтып беретін экскурсовод қызметін атқарады.

– BETT UK 2025 – ШҚТУ-дың білім беру үдерісінде заманауи технологиялардың қалай қолданылатынын көрсетуге арналған бірегей мүмкіндік. Біздің бағдарламалар жоғары білікті мамандарды даярлауға және студенттердің инженерлік ойлау қабілетін дамытуға бағытталған, – деп атап өтті ШҚТУ ректоры Сауле Рахметоллина.

BETT UK 2025 көрмесіне қатысу университетке EdTech саласындағы жетістіктерін көрсетуге, білім беру саласындағы әлемдік көшбасшылармен тәжірибе алмасуға және озық технологияларды енгізу перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.

ШҚТУ-дың BETT UK 2025 көрмесіне қатысуы тек жетістіктерін көрсету алаңы ғана емес, сонымен бірге халықаралық байланыстарды нығайту үшін маңызды қадам болды. Себебі көрмеге 600-ден астам экспонент пен 300 спикер қатысты, олардың қатарында білім беру саласындағы әлемдік көшбасшылар мен сарапшылар болды. CPD аккредиттелген баяндамалар мен мастер-класстар қатысушылар үшін жаңа идеялар мен білімнің қайнар көзіне айналды.

ШҚТУ-дың бұл ауқымды шараға қатысуы университеттің тек әлемдік білім беру трендтеріне ілесіп қана қоймай, сонымен қатар өздерінің бірегей әзірлемелерін халықаралық аренада таныстыра отырып, оларды қалыптастыруға деген ұмтылысын көрсетеді.