Ағымдағы жылдың 10 қыркүйегі күні ШҚТУ-дың №1және №3 жатақхана студенттері арасында кездесу өтті.

Кездесу барысында жастар арасында отбасы құндылықтарын дәріптеу, студенттердің қаржылық сауаттылықтарын арттыру, сондай-ақ, 2025 жылғы Президент Жолдауы жөнінде ақпараттар берілді.

Іс-шара отбасы күніне орай ұйымдастырылып, «Отбасы ошағы» жастар клубының қатысуымен өтті.

Шара барысында спикерлер, отбасы құндылықтары мен дәстүрлерін насихаттап, отбасы институтының беделін нығайтуға, қазіргі қоғамдағы отбасына қатысты өзекті мәселелер мен құндылықтар жөнінде мағұматтар берді. «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы Е. Жумагулов, студенттерге қаржылық сауаттылықтарын арттырып, алаяқтықтан қорғану жолдарымен таныстырды.  

ҚР Бизнес-тренерлер ассоциациясының мүшесі, психолог Жанар Қабидуллақызы, 2025 жылғы Президент Жолдауына тоқталып, түсіндіру жұмысын жүргізді. Жолдауда Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты жан-жақты қолдау, сапалы білім беру және еңбекке баулу – еліміздің стратегиялық басымдығы екенін нақты айтқан болатын. Жастар жаңа технологияны меңгерген, саналы, жауапты, ел тағдырына бей-жай қарамайтын азамат болуы тиіс. Сондықтан мемлекет цифрлық білім, жасанды интеллект, «жасыл» экономика сияқты жаңа салаларда жастардың мүмкіндігін кеңейтуге басымдық бермек. Дегенмен де, кез-келген жас, заман ағымы  мен талаптарына ілесе алуы маңызды. Осы тұста жасанды интеллект және цифрлық теңсіздіктің орын алуы мүмкін. Қазақстандағы барлық жастар үшін цифрлық трансформация қолжетімді ме, деген сұрақ туындайды. Осы сұраққа спикер, өз тарапынан жауаптар беріп, өзекті мәселені талдауға студенттерді де жұмылдырды.

Ашық диалог форматында өткен кездесуде студенттер құнды ақпараттар мен пайдалы кеңестер алып, тұлғалық және кәсіби дамуға шабыт алды. Талқылау барысында отбасылық құндылықтарды заманауи цифрлық дағдылармен ұштастырудың маңыздылығы айқын көрінді.