Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Серпін–2050» бағдарламасы студенттеріне арналған «Сессияға дайындық: тиімді әрі стрессіз» тақырыбында психологиялық тренинг ұйымдастырылды.
Тренингті университеттің Психологиялық қызметінің жетекшісі Нургул Казбековна жүргізді.
Кездесудің басты мақсаты – студенттердің алдағы емтихан сессиясына психологиялық тұрғыдан дайындалуына қолдау көрсету, күйзеліс пен қобалжуды жеңу жолдарын үйрету, уақытты тиімді жоспарлау және өзіне деген сенімділікті арттыру.
Тренинг барысында студенттер емтихан алдындағы алаңдаушылықты басқару, эмоционалдық тепе-теңдікті сақтау және оқу мен демалыс арасындағы үйлесімділікті қалыптастыру бойынша пайдалы кеңестер алды.
Сонымен қатар, студенттер өз ойларымен бөлісіп, қызықтырған сұрақтарына жауап алып, психологиялық жаттығулар арқылы жағымды көңіл күй қалыптастырды.
Сессия – тек білімді сынайтын кезең емес, өзіңді басқаруды, сабыр сақтауды және мүмкіндіктеріңе сенуді үйренетін уақыт!
Кездесу студенттерге ерекше мотивация сыйлап, алдағы емтихандарға сенімді әрі жақсы көңіл күймен дайындалуға серпін берді.