9 желтоқсан бүкіл әлемде Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні атап өтіледі. Бұл күні БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы қабылданды. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұйымдастыруымен форум өтті. Іс-шара барысында БАҚ, ҮЕҰ өкілдері, жобалардың ғылыми жетекшілері, белсенділер мен студенттер марапатталды.

I орынды «Адал адамдар әлемі» жобасы үшін ШҚТУ студенті Ерен Геминхан, II орынды «Парасат күні» жобасы үшін Шерхан Юнусов, III орынды «Идеялар фабрикасы» жобасы үшін студент Камила Камзина алды. Әнел Ринатова мен Марат Жұпар «Адалдық балабақшадан басталады» жобасы үшін II дәрежелі грамоталармен марапатталды. Айта кетейік, қараша айында ШҚО-да ЖОО студенттері мен магистранттары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған жобалар байқауы басталды. 30-ға жуық өтінім келіп түсті, оның ішінде 12 жоба финалдық кезеңге өтті.

Ғылыми жобалар жетекшілері Гүлжан Байтекенова мен Эльвира Еркінбекова алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, ШҚТУ командасы - «Парасаттық студиясына» бейнероликтер байқауында жеңіске жеткені үшін І дәрежелі грамота табысталды.

Жоғары оқу орындарының басшылары қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық құндылықтарын ілгерілету ісіне қосқан үлестері үшін грамоталармен марапатталды.