Өскеменде «Абайдың рухани-діни фәлсәфасы» атты TEDxÓskemen-2020 конференциясы өтті. Оған белсенді қатысқан ШҚМТУ студенттері ерекше әсер алып, рухани байып қайтты десек артық айтқандық емес. Ұлттың рухани мәдениетін қалыптастырудағы Абай Құнанбайұлының алатын ерекше орнын талқылау мақсатында ұйымдастырылған үлкен сұхбат алаңына діни қызметкерлер, теологтар, Абайтанушы-ғалымдар, ЖОО мен колледж студенттері қатысты. Іс-шараның басты мақсаты - өз халқының әр кезеңдегі рухани-адамгершілік мәдениетінің дамуындағы Абай Құнанбайұлы тұлғасының алатын орнын зерттеп, зерделеу; оның фәлсәфалық шығармаларындағы ұлттық болмыстың діни тәрбиесін өзектендіру; замандастарымыздың, оның ішінде жастардың Абай Құнанбайұлының дүниетанымдық фәлсәфасына деген қызығушылығын жаңарту және одан әрі арттыру.
Шығыс Қазақстан облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Д. Жакиянов конференцияның тізгінін қолға алып, тың форматты да таныстырып өтті. «TED» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «Таратуға тұрарлық идеялар» деген сөздердің бас әріптерінен құралған. Мұндай кездесулерде қонақтар белгілі бір тақырыпқа баяндамасыз, аудиторияның алдында тірідей сөз сөйлейді. Басты мақсат - тыңдаушылардың қызығушылығын арттыру, өзекті мәселелер бойынша пікірталас тудыру. Конференция форматының негізгі идеясы бейресми кездесу болып табылады.
ШҚМТУ студенттері көкейдегі көптеген сұрақтарын жиналғандармен бірге талқылады: Қазіргі таңда біздің елімізде, әлемде Абайдың діни-рухани ойлары қаншалықты өзекті? Неге қазіргі адамдар үшін, оның ішінде діндар адамдар үшін Абайдың рухани-діни трактаттары тек әдеби игілік болып қана қалып отыр? Қазіргі заманда діндар адамдарға Ислам құндылықтарымен ұлттық мәдениет арасындағы аражікті қалай дұрыс ажыратып, теңдікті табуға болады және ол тепе-теңдікті қалай сақтаса? Міне, осы және басқа да сұрақтарға жауап ала білген біздің студенттер, сөзсіз, рухани азық алып қайтқаны рас.