Архитектура, құрылыс және энергетика мектебінде университеттегі академиялық адалдық пен корпоративтік этика нормаларын сақтау мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шараға академиялық сұрақтар жөніндегі проректор және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкіл Асия Машекенова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің комплаенс-офицері Қуаныш Мықтыбаев, сондай-ақ Архитектура, құрылыс және энергетика мектебінің деканы Айбек Ақаев қатысты.
Кездесу барысында профессор-оқытушылар құрамының корпоративтік этика нормаларын сақтауы және емтихан сессиялары кезінде академиялық адалдықтың маңыздылығы талқыланды.
Асия Машекенова мен Қуаныш Мықтыбаев студенттерді оқытушылар мен студенттер арасындағы өзара іс-қимылды реттейтін Корпоративтік этика кодексінің талаптарымен таныстырды. Бұл құжат нәсілі, тілі, діні, саяси көзқарасы, жынысы немесе ұлтына байланысты кез келген кемсітушілікке жол бермеуге бағытталған. Әсіресе студенттерге қатысты әділетсіз қарым-қатынасты болдырмау және білімді бағалауда объективтілік қағидаттарын сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу барысында студенттер оқытушылар тарапынан әділетсіздік орын алуы мүмкін жағдайлар туралы сұрақтарын қойып, нақты жауаптар мен түсіндірмелер алды. Сонымен қатар, студенттер талқыланған тақырыптардың маңыздылығын атап өтіп, университет басшылығымен ашық диалог мүмкіндігін жоғары бағалады. Мұндай іс-шаралар білім беру процесінде студенттер тап болатын негізгі мәселелерді анықтап, оларды шешуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді.
Студенттер мен оқытушылар арасындағы сенімді нығайту, сондай-ақ оқу процесінің барлық аспектілерінде ашықтық пен адалдықты сақтау – ШҚТУ-дың басты басымдықтарының бірі.